Сәтбаев қаласында жуырда қыруар қаражатқа отырғызылған көшеттер жерсінбей қалды. Оларға тиісті күтім жасалмағандықтан, шыршалар бірінен соң бірі жаппай қурап жатыр. Талдардың көп ұзамай, солып қалғаны тұрғындар мен қоғам белсенділерінің ашуын туғызды. Олардың айтуынша, жасыл желек, аптап ыстықта мүлдем суарылмаған.
Қаланың орталық алаңында жуырда жаңа аллея пайда болған еді. Мұнда жаппай шырша отырғызылды. Алайда көшеттер аптап ыстықта суарылмай, қараусыз қалып, қурап жатыр. Сондықтан зейнеткер Евгения Түсіпбекова оларды өз бақылауына алды.
ЕВГЕНИЯ ТҮСІПБЕКОВА – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Қалада мәселе көп. Осыдан төрт жыл бұрын бізге демалыс саябағын салып берді. Бұл жерге балалар, жастар, зейнеткерлер жиі келеді. Бірақ демалыс орнында жағдай жасалмаған. Мұндағы ағаштар су көрмей жарамсыз күйге түсіп жатыр.
Евгенияның айтуынша, қаланың қақ ортасындағы саябақтағы жасыл желек мүлдем қараусыз қалған. Сондықтан зейнеткер коммуналдық қызметтің жұмысын қазір бір өзі атқаруға мәжбүр.
ЕВГЕНИЯ ТҮСІПБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Таңғы бесте тұрып, әр көшеттің түбіне екі бөтелкеден су құямын. Әрине, барлығын қамту мүмкін емес. Дегенмен тынымсыз еңбектің арқасында көбін сақтап қалдым.
Аллеяның күтіміне жауапты мердігер компания өкілдері түсініктеме беруден бас тартты. Әкімдіктегілер болса биыл наурыз айында көгалдандыру жұмыстары мен жасыл желектерді суаруға конкурс жарияланғанын жасырмады.
АХМЕТ СЫЗДЫМАНОВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Алайда дендрологиялық жоспардың жоқтығын алға тартып, байқау ұсыныс негізінде жойылды. Сәтбаев қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі мемлекеттік мекемесі тек арнайы техниканың көмегімен жасыл желектерді суару бойынша конкурс өткізуді қорғай алды. Қазіргі таңда конкурс шағымдану процесінде. Ешкім шағымданбаған жағдайда құжаттарға қол қойылады.
Қазір шенеуніктер қағазбастылықпен айналысып әлек. Ал бұл конкурс нақты қашан аяқталатыны белгісіз. Сондықтан жергілікті тұрғындар ағаштардың барлығы құрап қалмаса екен деп алаңдайды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.