Елдің оңтүстігінде аптап ыстық қуырып барады. Шымкент пен Түркістан және Қызылордада сынап бағанасы 44 градусқа дейін көтерілді. Сыр өңірінде бұрын ми қайнатар ыстық ауа райы шіліңгір шілде жақындағанда басталатын. Биыл мамыражай мамырда күн шыжып кетті. Синоптиктердің мәліметінше температураның бұлайша көтерілуі соңғы рет облыста 2021 жылы қуаңшылық кезінде болған екен.
Соңғы күндері үп еткен жел соқпай, жер апшысын қуырған ыстық қызылордалықтарды әбіржітіп жіберді. Оның үстіне электр желілері қайта-қайта ажырап, су беру де тоқтап қала берді. Үй-мекемелердегі желдеткіштердің ауа баптауға күші келмей жатыр. Мұндай климаттық өзгеріс әсіресе қан қысымы жоғары адамдардың денсаулығы үшін қауіпті. Соңғы екі күн ішінде күн өтіп, бас айналу секілді шағымдармен жедел жәрдем көмегіне жүгінгендер саны едәуір өскен. Дәрігерлер қалыпты кезеңде 1200-1300 аралығында шақырту түссе, қазір 1600-ге дейін қабылдап жатырмыз дейді.
БАҚЫТ СҮЛЕЙМЕНОВА – ОБЛЫСТЫҚ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ СТАНСАСЫНЫҢ АҒА ДӘРІГЕРІ:
— Көбіне жүрек-өкпе аурулары көп тіркеліп тұр. Оның ішінде гипертаниялық криз, жедел каронарлы синдром, көбісі қарт кісілерде тіркеліп жатыр. Олар жедел-жәрдеммен тасымалданып, ауруханаға жатқызылып жатыр. Ауа-райының ысып кетуіне байланысты күн өту жағдайы көбейіп тұр. Яғни «солнечный удар». Осы 3 күн ішінде 7 жағдай тіркелді. Оның екеуі – ересек, бесеуі – бала.
Казгидромет мамандары күннің күрт ысуы Ираннан келген циклонның салдары екенін айтады. Ертеңнен бастап температура 40 градустан түседі деген болжам бар. Дегенмен айдың аяғы аптап ыстық қайтадан күшіне мінбек.
АЙГЕРІМ ЖӨКЕЛОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:
— Маусым айының үшінші он күндігінде 20-21 маусымнан кейін облыс бойынша ауа-температурасы қайтадан көтеріледі. Облыстың басым бөлігінде 40-43 градус сақталады. Жалпы маусымдағы орташа ауа температурасы мөлшерден 1 градусқа жоғары болады. Ал жауын-шашын түсу мөлшері шамадан төмен болады деп күтілуде.
Осы ретте төтенше жағдай қызметінің мамандары тұрғындарға әсіресе күндізгі 12 мен кешкі 6 аралығында күн көзіне шықпауға кеңес береді. Сондай-ақ ыстық күні салқындаймын деп жағажайларға бару қауіпті екенін ескертеді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.