Коронавирус пандемиясы елімізде белең алған тұста көп салмақ дәрігер-эпидемиологтардың иығына түсті. Белгісіз вируспен күресіп, дерттің алдын алуға күш салғандардың бірі Талдықорғандағы Көпбаевтар шаңырағы. Ерлі-зайыпты эпидемиологтар өз саласының білікті маманы ғана емес, отбасылық дәстүрді жалғаған жанұя. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Көпбаевтармен көзайым болған тілші репортажы.
Ерлі-зайыпты Талғат пен Зарина Көпбаевтар эпидемиолог болып жұмыс істейді. Олардың ата-аналары да осы медицина саласында еңбек етеді.
ТАЛҒАТ КӨПБАЕВ, ДӘРІГЕР-ЭПИДЕМИОЛОГ:
— Отбасымызда анам да, әкем де дәрігер болғандықтан маған мамандық таңдау қиынға соқпады. Мен де адам емдеп, қоғамға пайда келтіргім келді. Өкінбеймін. Өйткені сүйікті жарымды да осы салада кезіктірдім. Бір қалада тұрсақ та жолдасыммен іссапарда жүріп таныстым.
Зарина Көпбаева – медициналық коллледж түлегі. Еңбек жолын Қаратал аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасында бастаған. Қазір облыс орталығында қалалық санитариялық-гигиеналық бақылау бөлімінің жетекші маманы.
ЗАРИНА КӨПБАЕВА — ҚАЛАЛЫҚ СГБҚ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІ МАМАНЫ:
— Біз бәріміз бір салада еңбек еткендіктен бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Қолдау білдіреміз. Қазір екі балам бар. Бұйырса үшіншісін күтіп отырмыз. Балаларымыз біз таңдаған жолды таңдаса, демек, біз оларға дұрыс бағыт-бағдар бере білдік деп айтар едім.
Саналы ғұмырын медицинаға арнаған Көпбаевтар әулетін талдықорғандықтар жақсы біледі. Пандемия кезіндегі эепидемиологтардың ерен еңбегі еленіп, отбасының барлық мүшесі Президенттің «Халық алғысы» медалімен марапатталды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.