Жасөспірімдер қанша сағат жұмыс істеуге құқылы?

Мектеп оқушылары үшін жазғы демалыс басталды. Каникул күндерін бірі демалыс лагерлерінде қызықты өткізіп жатса, енді басқалары жұмыс істеп, ақшасын тауып жүр. Жалпы, Қазақстанда 14 жастан асқан балаларға еңбек етуге рұқсат етілген. Жұмыс берушілер мен ата-ана еңбек заңнамасындағы қандай ережелерді ескеруі керек? Жасөспірімдер аптасына неше сағат жұмыс істей алады?
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Біз қазір Астанадағы демалыс орындарының біріндеміз. Мұнда дүңгіршектерде балмұздақ сатып жатқан жасөспірімдерді көп байқадық. Жазғы демалыстарын тиімді әрі пайдалы өткізуді қалайтындарын айтады оқушылар. Жалпы, Еңбек заңнамасына сәйкес, 14 жастан 16 жасқа дейінгі балаларға аптасына 24 сағаттан артық жұмыс істеуге рұқсат етілмеген. Ал 16 жастан 18 жастағылар үшін 36 сағаттан аспауы тиіс.

16 жасар Кира Ким оқу жылы аяқталысымен жұмыс іздеуге кіріскен. Еңбекқор, талапшыл қызға қос қолға бір күрек бірден табылды. Қазір қаладағы дүңгіршектердің бірінде балмұздақ сатып жүр. Сағатына 750 теңге табады. Нәпақасын өзінің қажеттіліктеріне жұмсайды. Бір жағынан ата-анасының қалтасына да салмақ салмайды.

КИРА КИМ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Ата анама масыл болғым келмеді. Жұмыс істегісі келген адамға жұмыс қашанда табылады. Жазғы демалыста еңбек ету – мен үшін үйреншікті іс. Қосымша курстарға да барамын. Бос уақытымды пайдалы өткіземін.

Еңбек келісімшарты Кира секілді 16 жасқа толған азаматтармен жасалады. Ал 14-15 жастағы балалар тек ата-анасының рұқсатымен ғана жұмысқа орналаса алады. Мәселен, электронды еңбек биржасы арқылы жұмыс іздейтін болса, заңды өкілі қол қоюы керек.

АСҚАР БИАХМЕТОВ, ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Біздің enbek.kz жүйесінде тиісті платформа құрылды. Сол платформада менің жазғы демалысым деген бөлім бар. Сол бөлімнің ішінен балаларға керек жұмыстарды таңдауға болады.

Электронды еңбек биржасының порталында жасөспірімдерге арналған жұмыс орындары бар. Еңбек нарығында көбіне, тәрбиешінің көмекшісі, даяшы, сатушы, смм операторларға сұраныс жоғары екенін аңғардық. Кәмелетке толмаған балаларға ата-аналары жеке кабинет ашып, түйіндемесін енгізуі қажет.

НҰРГҮЛ МӘЛІК, ЗАҢГЕР:
— Негізгі және жалпы орта білім алып жатқан 15 жастағы жасөспірімдер оқудан бос уақытында және денсаулығына зиян келтірмейтін, оқу процессіне кедергі болмайтын жерлерде жұмысқа тұруға құқылы. 14 жастан толған оқушылар кинематоргафия ұйымдары, тетар, концерт, сол сияқты жерде жұмыс істеуге құқылы.

Жасөпірімдер еңбекке ерте араласса, біріншіден, дағдыланатынын айтады сала мамандары. Бұдан ұтпаса ұтылмайтыны хақ. Ал еңбек қауіпсіздігі мәселесі ведомстваның жіті бақылауында болады.
———————————————