Шымкентте психикалық денсаулық орталығында науқастарды зорлаған қызметкерлер сотталды. Олар мекемеде ем алып жүрген қыздарға күні-түні азғындық жасап келген. Бұл сұмдық жағдай туралы тек 17 жастағы қыздың аяғы ауыр болып қалғанда белгілі болған.
Жантүршігерлік оқиға 2024 жылы Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығының әйелдер бөлімшесінде болған. Шизофрениямен ауыратын кәмелетке толмаған қыз мекеме қызметкерінен жүкті болып қалған. Ал небәрі 20 күнге депрессиядан емделуге келген жәбірленуші өзін екі санитардың бірнеше рет зорлағанын айтты. Олар камера жоқ бөлмеде, күшті дәрі егіп арам ойын іске асырды, дейді ол.
ЖӘБІРЛЕНУШІ
— Оның күші көп, менің шамам келмейді. Мысалы, дәрі берген соң, әлсірейсің. Шамаң келмейді, түрме сияқты жерде қашып кете алмайсың. Мен полициямен барған кезде мен айтқан жерлерге камера қойып тастапты. Қазір еркек адамдарды ол жерден шығарып, әйел адамдарды қойған. Мен соттасқаннан кейін барып тәртіп орналыпты.
Бүгін науқастардың әлсіздігін пайдаланған екі күдіктіге сот үкім кесті. Олар кәмелетке толмаған адамды зорлау бабымен сотталды. Сондай-ақ екеуінен де жәбірленушілердің әрқайсысына 10 млн теңгеден моральдық шығын өндірілді.
САМИДИН ТЕМІРӘЛИЕВ, СУДЬЯ:
— Қылмыстық кодекстің 120-бабы, 3-1 бөлігінің 1-тармағында көзделген қылмыстық құқықбұзушылық белгісімен кінәлі деп танылсын. Осы баппен педагогикалық және кәмлетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.
Дегенмен сотталушылар да, жақындары да сот үкімімен келіспеді. Ешқандай сараптама екі ер адамның кінәлі екенін дәлелдемепті.
ТАҒАЙБЕК ДАРЖАНОВ, СОТТАЛУШЫНЫҢ ӘКЕСІ:
— Мұның бәрі жалған жала! Екі бала жаланың құрбаны болып кетіп жатыр. Аппелцияға береміз, жоғары сот, тіпті Президентке дейін барамыз. Бізге дәлелін әкеп көрсетіп берсінші. Ешқандай дәлел жоқ.
Судья тергеу әрекеттерінің ұзаққа созылуы, орталық жұмысының салғырттығы секілді бірнеше бұзушылықты ескере отырып, полиция департаментіне, облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен психикалық денсаулық орталығына жеке қаулы шығарды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.