Үкіметте еңбек қауіпсіздігін күшейту мәселесі талқыланды

Автобус апатынан кейін аяғынан айрылған Алуаға мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Ал анасына мүгедек баланы күтіп-бағатыны үшін арнайы жәрдемақы белгіленеді. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен брифингте- еңбек вице-министрі айтты. Еңбек инспекторлары қайғылы оқиғадан кейін Астанадағы автобус парктерінде еңбек қауіпсіздігі ережесінің орындалуын тексеруге кіріскен.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Автобус апатында екі аяғынан айырылған Алуаға қандай жәрдемақы берілетінін бүгін еңбек вице-министрі айта алмады. Әлеуметтік көмектің сомасы балаға мүгедектік тағайындалғаннан кейін белгілі болады. Ол үшін әуелі медициналық сараптама жасалуы тиіс.

ВИКТОРИЯ ШЕГАЙ, ЕХӘҚ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Бүгінге дейін қыз балаға мүгедектік тағайындалмаған, сондықтан жәрдемақының нақты мөлшерін айта алмаймын. Медициналық-әлеуметтік сараптаманың нәтижесі де жоқ. Жәрдемақы баланың мүгедектік тобына байланысты белгіленеді. Анасы мүгедек баланы күтуге арналған жәрдемақыға өтініш берген кезде, жәрдемақы төленетін болады.

Ал автобус жүргізушісінің еңбек қауіпсіздігі ережесін қаншалықты сақтағанын қазір еңбек инспекторлары тексеріп жатыр. Нәтижесін тергеу аяқталғаннан кейін жариялаймыз дейді. Таңғы сағат алтыдан түн жарымға дейін дамыл таппайтын жүргізушілердің еңбек режиміне сұрақ көп.

ЕРБОЛАТ ӘБІЛХАТИН, МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Әрине, осыны болдырмау үшін сменді жұмыс режимі енгізілген. 8 сағат режимі. Бірақ жүргізушілер қосымша табыс табу үшін немесе өзінің табысын арттыру үшін сондай режимге, қосымша жұмыс істеуге өздері келісіп отыр.

Батыс Қазақстан облысы Жымпиты ауылында тұратын ерлі-зайыпты да бауыр еті баласын асыраймын деп оларды үйде жалғыз қалдырып, жұмысқа кеткен. Үлкендердің қарауынсыз қалған бес бала өрттің құрбаны болды. Вице-министр бұл отбасы көпбалалы ретінде және бір жарым жасқа толмаған сәбиіне мемлекеттен екеуін қосқанда 134 мың теңге жәрдемақы алғанын айтты. Отағасының табысы 190 мың теңге болған. Емшектегі сәбиі бола тұра жұмысқа шыққан ананың әлеуметтік жағдайын сұрады журналистер министрлік өкілінен.

ВИКТОРИЯ ШЕГАЙ, ЕХӘҚ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Бұл отбасы қосымша жәрдемақы алуға өтініш түсірмеген. Соған қарағанда, тапқан табысы жеткілікті болса керек.

Мемлекеттік еңбек инспекторы Теңіз кенішінде жұмыстан қысқарған адамның қаншасы еңбекке орналасқанын айта алмады. Ресми мәлімет бойынша, кен орнында 2 мыңға жуық адам жұмыссыз қалған.

ЕРБОЛАТ ӘБІЛХАТИН, МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Әрбір мекеме бойынша мониторинг жүргізіп отырмыз. Деректер бойынша 175 мекемеде 1758 адам қысқартылды. Сонымен байланысты сіз айтып отырған кен орнындағы мекемелерді бақылауда ұстап отырмыз. Қазір қанша адамның босатылғаны туралы сандар бар, жұмысқа орналастырылғаны туралы санды қосымша береміз.
«Ал биыл ақпанда Жомарт шахтасындағы жарылыста асыраушысынан айырылған жеті отбасы барлық тиісті төлемді алып жатыр», деді еңбек инспекторы. Жұмыс беруші – «Қазақмыс» компаниясы кеншілердің бала-шағасына 1 млрд теңгеге жуық ақшалай көмек берген.

ЕРБОЛАТ ӘБІЛХАТИН, МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Жұмыс беруші тарапынан 970 млн тг жеті отбасына төленді. Оның ішінде кредиттерін өтеуге, сонымен қатар 10 айлық жалақысы ішіне кіреді. Сонымен қатар үй алып беруге, т.б. жерлеу мәселесін есептегенде тек жұмыс берушінің өзінен 970 млн тг қаражат бөлінді. Сақтандыру қорынан ай сайын балалары ересек жасқа жеткенше де төлем жүргізіліп жатыр. Мемлекет тарапынан да асыраушысынан айырылуы туралы мемлекеттік жәрдемақылар тиісті түрде төленіп келеді.

Алматы облысындағы ұн өнімдерін өндіретін зауыт аумағында болған жарылыстың салдарын комиссия әлі анықтап болмаған. Еңбек министрлігінің өкілі жарылыстан қаза болған төрт адамның отбасына мемлекеттен, жұмыс берушіден және сақтандыру компаниясынан тиісті төлемдер төленетінін айтты.
———————————————