Өскеменнің экологтары өңірдегі тоғыз кәсіпорын аумағын кедергісіз тексере алады. Инспекторлар мен ірі зауыт басшылары әріптестік жөнінде меморандумға қол қойды. Жаппай тексеріске зиянды қалдықтардың төгілгені көрсетілген фото-бейнежазбалар себеп болды. Егер өскемендіктер шамадан тыс түтін шыққанына шағымданса, тиісті сала мамандары шұғыл әрекет етуі тиіс. Экологтар қоршаған ортаны ластау дерегін шұғыл анықтап, атмосфералық ауа құрамын өлшеуге міндетті.
Жақында ғана титан-магний комбинатындағы оқыс оқиға салдарынан қала маңын қою түтін басты. Алайда жауапты мамандар кәсіпорынды тексеруге келесі күні ғана мүмкіндік алған. Технологиялық процесті бұзған өндіріс ошағына 24 миллион теңге айыппұл салынды. Ал ауаға тараған зиянды заттардың мөлшері белгісіз. Осыған орай жергілікті билік пен қоғам белсенділері және экологтар өндірісте болатын апат кезінде жылдам шара қолдану жөнінде уағдаласты.
АЗАМАТ ТАУЫРБЕКОВ, ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
— Аталған меморандум штаттан тыс оқиға кезінде және қолайсыз метео жағдайда кәсіпорындарды тексеру және айналаға тараған бөліністерді өлшеу шарттарын реттейді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.