Динара Куджулова – кәсіп пен спортты қатар алып жүрген параспортшы

Ол әлемді көзбен көрмесе де, жүрегімен сезеді. Қостанай облысының тұрғыны Динара Куджулова қос жанарынан айырылса да, сағы сынбаған қайсар қыз. Екі бала тәрбиелеп отырған ардақты ана спортпен шұғылданады, кәсіппен де айналысады. Қала шетінен тігін шеберханасын ашқан. Осылайша, Динара өзгелерге өмір мен жеңіске деген құштарлықтың жарқын үлгісін көрсетіп жүр.
Қостанайлық Динара Куджулова парадзюдоға 2 жыл бұрын келді. Әбжіл қимылымен ерекшеленетін спортшы Қазақстан Кубогы сарапқа салынған жарыста топ жарып үлгерді. Жарқын жеңіс халықаралық додаларға жол ашты. Азия чемпионатында жекелей сында қола жүлде олжаласа, командалық сайыста алтыннан алқа тағынды.

ИЛЬЯ СОРОКИН – АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫ:
— Динара спортшы ретінде – жауынгер десек болады. Құрамадағы палуандардың барлығы Динараның қайтпас қайсарлығы мен жеңісті жұлып алатын мінезін жоғары бағалайды. Салыстырмалы түрде үлкен спортқа кеш келсе де Париж олимпиадасына баратын мүмкіндігі болды. Бірақ сәл-сәл жетпей қалды.

Динара көру қабілетінен бала күнінде айырылған. Бірақ мұңаюдың орнына жігерлі болуды құп көрген қыз тыңдау, бағамдау және сезу арқылы ширақ қимылдайды. Жаттығудан бөлек Динара үй жинау, ас пісіру, балалардың сабағын оқыту секілді үй шаруасымен көмекшісіз өзі айналысады. Ешкімнен жәрдем күтпей өзіне ғана сенуге бала кезден қалыптасқан.

ДИНАРА КУДЖУЛОВА, ҚОСТАНАЙ ТҰРҒЫНЫ:
— Көру қабілетім нашар болса да мені мүсіркемей, керісінше кішкентайымнан үйдің де, даланың да тірлігіне баулыған ата-анама ризамын. Үйдің үлкені болғандықтан шаруаның тізгіні сенде, бауырларыңа үлгі бол деп өсірді. Сол тәрбиенің арқасында қиындыққа мойымайтын мінез қалыптасты деп ойлаймын.

Динараның бизнесі шағын, бірақ тұрақты. Таңертең үй шаруасын аяқтай салысымен ол тігін шеберханасына асығады. Мұнда спортшы қыз шығармашылық тұрғыда пішіндер сызатын дизайнерге айналады. Өзге мүмкіндігі шектеулі жандарға тігу техникасын үйретіп, тұрғындарға әсем туындылар ұсынады.

ДИНАРА КУДЖУЛОВА, ҚОСТАНАЙ ТҰРҒЫНЫ:
— Цехтағы қыздар: ине мен жіпті қалай тез сабақтайсыз деп таңдана сұрайды. Мен оларға инені ұстап, саусақпен сезіп, жылдам сабақтай қоясың деймін. Ине мен тебеннің саңылауын көзбен көруге тырыспаңдар, сипап сезіңдер десем де қолымыздан келмейді дейді. Егер ұзақ уақыт тікпей қойсам менің де қолым шығып кетеді.

Іскер де өжет ару қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Мүгедек жандарды оңалту жобаларын жүзеге асыруға атсалысады. Динараның ақыл-кеңесіне бәрі құлақ асады. Өйткені ол теоретик емес. Қос жанарың көрмесе, өмірің қараң деген тәмсілді өмірлік тәжірибесімен жойған адам.
———————————————