Мемлекет басшысы ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасын қабылдады

Мемлекет басшысы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының іс басындағы төрағасы Элина Валтоненді қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымды аймақтық және жаһандық қауіпсіздік саласындағы күрделі кезеңде басқарып отырған Элина Валтоненнің қызметіне қолдау білдірді. Финляндияны Астананың Скандинавия аймағындағы бұрыннан келе жатқан серіктесі деп атап, қарым-қатынасты одан әрі жандандыруға әзір екенін мәлімдеді. Мәртебелі мейман Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Қазақстанмен және Орталық Азиямен байланысты дамытуға баса мән беретініне тоқталды. Кездесу соңында Мемлекет басшысы- Финляндия Президенті Александр Стуббқа сәлем жолдап, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту үшін, тығыз ықпалдастыққа дайын екенін растады.
———————————————