Ажал терезесі: жыл басынан бері 9 сәби көз жұмды

Жаз келіп, күн жылығаны кеше. Ал бірақ ашық терезеден құлап кеткен балалардың санын естісең, жаның түршігеді. Тәртіп сақшылары, төтенше жағдайлар қызметкерлері мен дәрігерлер дабыл қағып жатыр. Жалпы, айдың-күннің аманында бүлдіршін неге құлайды? Баланы қалай қорғаймыз?
Ашық қалған терезе, шыбын-шіркейден қорғайтын жұқа тор мен бейқам отырған адам – міне, бала құлауының басты себептері осы. Төтенше жағдай министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері республика көлемінде 90 дерек тіркелген. 9 бала қайтыс болып, 80 шақтысы түрлі деңгейде жарақаттанған. Абайсызда жоғарғы қабаттан құлағандардың басым бөлігі – 5 жасқа толмаған бүлдіршіндер.

ҚУАНЫШБЕК ДОСЖАНОВ, ТЖД БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Үй-жайларда, пәтерлерде терезе жанында жиһаз, орындық, үстелдер орналасқан болса, соны алшақ қоюға және балаларды қараусыз қалдырмай, сонымен қоса пластик терезелерге арнайы бекіткіш, бұғаттағыш немесе ареайы торларды орнатуға кеңес береміз.

Қағаз таратумен шектелетін түсіндірме жұмыстарының тиімділігі аз болып тұр. Дәрігерлер жоғарғы қабаттан құлаған бала тірі қалғанның өзінде жұлыны мен бас сүйегіне зақым келуі мүмкін екенін айтады. Бұл дегенің – өмір бойына мүгедек болып қалу деген сөз.

ТАЛҒАТ АЙЫМБЕТОВ, ДӘРІГЕР-РЕАНИМАТОЛОГ:
— Балалардың көпқабатты үйден құлауы жиілеп бара жатыр. Соңғы кезде 3-4 жағдай тіркелді. Сондықтан құрметті ата-аналар, балаларға абай болуларыңызды өтініп сұраймыз. Себебі көп қабаттан құлау деген өте қиын жағдайға алып келеді.

Соңғы жартыжылдықта Ұлытау облысында 5, Сәтпаев қаласында 3 бала терезеден құлап кеткен. Тәртіп сақшылары барлық дерек ересектердің балаға жіті назар аудармағаны салдарынан болғанын айтады.

МЕДЕТ СЕЙІТМАҒАНБЕТОВ, ЮВЕНАЛДЫ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:
— Балаларыңыздың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін балаларыңызды үйде қараусыз қалдырмаңыздар. Терезелердің, балконның есігінің ашық қалмауын қадағалауларыңызды сұраймын.

Терезе құрсаулары – бірнеше мың теңгеге орнатуға болатын қымбат емес дүние. Жартылай ашық металл қоршаулардың құны сәл жоғарылау. Дегенмен басты байлығымыз саналатын ұрпақ саулығы бәрінен құнды емес па? Сондықтан қауіпсіздікке салғырт қарамаған жөн.
———————————————