Ақтөбеде 197 млн теңгені қалтаға басқан қаржы пирамидасы анықталды

Алаяқтарға алданған азаматтар азаяр емес. Ақтөбеде электр самокатын өндірушілердің атын жамылған қаржы пирамидасы әшкереленді. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, жалған атпен жұмыс істеген ұйымға жүзден астам адам салымшы болған. Күдіктілер халықтың 197 млн теңгесін қалталарына басқан. Алаяқтар аңғал жұртты мол пайдаға кенелтеміз деп алдап, күніне 690 долларға дейін табыс уәде еткен. Бұл ақшаға- жаңа салымшыларды тартқан. Алайда адамдар табыс тұрмақ, салған ақшасын да ала-алмай қалған.
ЕРНАР ТАЙЖАН – ҚМА РЕСМИ ӨКІЛІ
— Тергеу кезінде күдіктілер салымшылардың ақшасын ОКХ крипто әмиянына аударып, одан кейін фиаттық ақшаға айырбастап, банк шоттарына шығарғаны анықталды. Заңсыз кірістер есебінен Ақтөбе қаласында 2 пәтер мен 3 автокөлік сатып алынып, жасыру мақсатында жақын туыстарына рәсімделген. Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды. Тергеу аяқталып қылмыстық іс сотқа жолданды.
———————————————