Жас жігіттерді көшеден ұстап, әскерге күштеп әкету деректері- кейінгі кездері көбейіп кетті. Жұрт осылай деп, шенділердің аң аулағандай жортуылға шығуына шағымын білдіріп жатыр. Бірақ армияға жастарды жинау үшін атқа қонған әскери комиссариат өкілдері бәрі заң шеңберінде екенін алға тартып отыр.
Бұл – Қостанайда болған оқиға. Полицейлер жас жігітті әскери комиссариатқа күштеп әкетіп барады. Әскерге шақырылушы барынша қарсылық көрсетуге тырысқанымен, дәрменсіз екені анық көрінеді.
Осыған ұқсас жағдай жуырда Алматыда да тіркелді. Жауапты шенділер бозбаланы көшеден аңдып, армияға алып кеткен. Осыған байланысты жас жігіттің әпкесі әлеуметтік желіде қазақ әскерінің қазіргі күйіне наразылын білдіріп, оқиғаның мән-жайын жайып салды.
ЦИТАТА – @rooelnur:
«Інім, Табынбай Нұрсұлтанды түнгі уақытта көшеден ұстап алып кеткен. Әскерге шақыру қағазы да болмаған. Ол Назарбаев Университетіне ресми түрде қабылданған еді. Foundation бағдарламасын аяқтап, төлемін жасаған болатын. Біз оның қайда жүргенін білмей де қалдық. Телефонын тартып алыпты. Отбасына хабар беруге мүмкіндік бермеген. Бүкіл қаланы шарлап, іздеумен болдық.
Қалай дегенмен әлеуметтік желі қолданушылары жауапты шенділердің жұмысына наразы. Кейінгі кездері жас жігіттерді көшеден «аулап», күштеп армияға әкету деректері көбейіп кетті дейді. Бірақ қорғаныс министрлігі әскери борышын орындаудан жалтарып жүргендерді мәжбүрлеп әкету заңға қайшы емес екенін алға тартады.
РУСЛАН ЖАНГУЛИН – ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Егер шақырту қағазын жеке қолына тапсыру мүмкін болмаған жағдайда, шақырылушының келуін қамтамасыз ету ісі Ішкі істер органдарына жүктеледі. Алайда кей азаматтар полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай, қарсылық көрсетеді. Мұндай жағдайда оларды шақыру пунктіне мәжбүрлеп жеткізуге тура келеді.
«Кейін азаматтың әскерге шақырудан босатуға болатыны не болмайтыны анықталады. Негіз табылмаса үйіне қайтарылады. Немесе медициналық тексеруден өтеді», — дейді министрлік өкілдері. Соған қарамастан, оқыс оқиғалар жоқ емес. Осыдан 2 апта бұрын ғана астаналық Елдос Сейдалидің танысын компьютер клубында ойнап отырған жерінен әскерге алып кеткен. Азаматтық некеде және бала тәрбиелеп отырғаны анықталған соң ғана жіберіпті.
ЕЛДОС СЕЙДАЛИ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Дос баламызды кәдімгі компьютер клубында көптің ішінде отырған кезде алып кеткен. Біз туысқандарына хабарласып, армия жақтан әрең шығарып алдық. Әйтпесе алып кететін еді. Анасы байғұс жылап қалды.
Заңгерлердің айтуынша, полиция өкілдері азаматты әскери комиссариатқа жеткізген кезде міндетті түрде өздерін таныстырып, не себепті алып бара жатқанын түсіндіруі тиіс. Бұл талап сақталмаса – шақырылушы немесе оның туыстары шағым түсіре алады.
АЛЕКСАНДР СОЛОВЬЕВ, ЗАҢГЕР:
— Әр жағдайды жеке қарап, сараптау керек. Себебі полиция қызметкерлері халықпен жұмыс істеуде қиындық көреді. Қоғамда оларға сенімсіздік бар. Осындай жағдайлар содан туындайды.
Қазір Қазақстанда көктемгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Наурыздың басында басталған шара маусымның аяғына дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында әскери комиссариат өкілдері атқа қонып, армияға жастарды жинауға шығады. Биыл әскерге 20 мың жас сарбаз алу жоспарланып отыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.