Абақтыда жатқандар бостандыққа шығар күнін күтіп, дөңбекши бастады. Конституцияның 30 жылдығы қарсаңында 15 мың жазасын өтеушіге рақымшылық жасалмақ. Бүгін Мәжіліс кешірім беру туралы заң жобасын қабылдады. Бұл құжат Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен әзірленіп отыр.
Қазір еліміздегі 63 колонияда 33 мыңнан астам адам жазасын өтеп жатыр. Рахымшылық алдымен әлеуметтік ең осал топтағы бас бостандығынан айырылған жүкті және кішкентай балалары бар әйелдер, мүгедектер, кәмелетке толмағандарға жасалады. Яғни қоғамға және мемлекетке аса қатер төндірмейтін қылмыс жасағандар бостандыққа шығады.
АБЗАЛ ҚҰСПАН, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Алдын ала есептеулерге сәйкес, рақымшылық жасауға бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын 6 мың сотталған және пробация қызметінің есебінде тұрған 9 мың адам, барлығы 15 мың адам қамтылады. ҚАЖ мекемелерінен шамамен 632 адам, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған 3,5 мың сотталған, барлығы 4,1 мың адам бостандыққа шығады.
Ауыр және аса ауыр қылмысы үшін өтелмеген жаза мерзімін қысқарту да көзделіп отыр. Заң жобасын жан-жақты талқылаған депутаттар жемқорлар жайына да алаңдаушылық білдірді.
ЕРМҰРАТ БӘПИ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Ашығын айтайық, бізде сыбайлас жемқорлық деген дерт бар. Осылардың жағдайы не болады? Оларды біз рақымшылыққа жатқызамыз ба? Себебі жемқорлықтың үлкен-кішісі болмайды. Аздап жемқорлық, толық жемқорлық деген тағы болмайды. Жемқорлық – ол жемқорлық.
Бүгінде елдегі түрмелерде жемқорлық бабымен бас бостандығынан айрылған 624 адам жазасын өтеп жатыр. «Бірақ олардың ешқайсысына рақымшылық жасалмайды», — дейді заң саласының өкілдері. Жалпы, кешірімге жатпайтын қылмыс түрлері мынадай:
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Рақымшылық педафильдерге, жемқорларға, адам өлтіргендер мен экстремистерге, қылмыстық топтардың бұрынғы қатысушыларына қатысты қолданылмайды делінген Заң жобасында. 30 жыл ішінде Қазақстанда 9 рет рақымшылық жасалған. Оның соңғы төртеуі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орайластырылған.
Заң жобасын әзірлеушілердің айтуынша, бұл құжат алдымен жазасын өтеушілердің санын азайтады. Бірақ рақымшылық жасауға бюджеттен қосымша қаржы жұмсалмайды. Бұл шара керісінше, жылына шамамен 5 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік бермек.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.