«Өскемен әуежайы» акционерлік қоғамының бұрынғы президенті мен өзге де лауазымды тұлғалары миллиондап ақша жымқырып келген. Олар 5 жыл бойы негізсіз еңбекақыны көбейтіп, жүйелі түрде жалған шарттар жасаған. Сөйтіп, жымқырылған қаражатты касса арқылы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. Сондай-ақ әуежайға тиесілі көліктер есептен шығарылып, нарықтағы құнынан бірнеше есе төмен бағамен өздерінің сенімді тұлғаларына сатылған. Қазір «Өскемен әуежайы» АҚ басшылығына қатысты қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану, аса ірі көлемде сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру фактілері бойынша тергеу аяқталды.
ЕРНАР ТАЙЖАН – ҚР ҚМА РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Сонымен қатар қоғамның коммерциялық нысандары жеңілдетілген шарттармен жалға берілгені анықталды. Яғни жалдау ақысы төмендетіліп, нақты жалға берілген аумақ азайтылып көрсетілген. Мемлекетке келтірілген жалпы залал 157 млн теңгені құрады. Сот санкциясымен күдіктілердің 126 млн теңге көлеміндегі мүлкіне – 4 пәтер, жер учаскесі және 2 автокөлікке тыйым салынды. Күдіктілер қамауға алынды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.