Мемлекет басшысы Словакия премьер-министрі Роберт Фицомен келіссөз жүргізді

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Словакия премьер-министрі Роберт Фицоны қарсы алды. Салтанатты рәсімде тараптар, бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырып, кейін келіссөздер жүргізді. Оның барысында Мемлекет басшысы Словакия премьер-министрінің елімізге жасаған сапары өзара серіктестікті нығайтып, екіжақты қатынастардың жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті. Ал Словакия премьер-министрі Президентке қонақжайлылық танытқаны үшін алғысын білдіріп, екі ел арасындағы экономикалық байланыс пен достыққа баса мән беретінін жеткізді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:
— Сіздің еліңізбен қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз және Словакияны Қазақстанның Еуропа Одағындағы негізгі серіктестерінің бірі санаймыз. Сол себепті мен Президент ретінде мемлекеттеріміз арасындағы ықпалдастықты түрлі салада кеңейту үшін бар күш-жігерімді саламын.

РОБЕРТ ФИЦО, СЛОВАКИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Жоғары Мәртебелі Президент мырза, қонақжайлық танытқаныңыз үшін зор ризашылығымды білдіремін. Елдеріміздің саяси ұстанымында алшақтық жоқ екенін растаймын. Сондықтан өзара тиімді экономикалық байланыс пен достыққа баса мән беруіміз керек. Бүгін біз қос тарапқа да қызықты әрі маңызды бірнеше жобаны талқылаймыз. Бұл сапарымның қорытындысы табысты болатынына сенімдімін.
———————————————