Петропавлда жетім-жесір мен көпбалалы отбасыларға деп салынған үйлердің сапасы сыр берді. Осыдан бір жарым жыл бұрын «Береке» ықшам ауданында тұрғызылған баспаналардың қабырғасы жарылып, шатырдан су сорғалай бастаған. Жертөле болса, қысы-жазы лас суға толы. Тұрғындар проблеманы айтып, талай мекеменің табалдырығын тоздырған. Алайда мәселе әлі шешілер емес.
Зарина Пивняктың 15 жыл кезекте тұрып, алған пәтері осы. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған азаматтың көптен күткен қуанышы ұзаққа созылмады. Баспананың қабырғасы жарылып, бөлменің төбе сылағы опырылып түскен. Терезелері де бірінен соң бірі шытынап жатыр.
ЗАРИНА ПИВНЯК, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Үйіміздің шаңырағы ортасына түсе ме деп алаңдаймыз. Себебі қабырғалары жаппай жарылуда. Пәтердің іші дымқыл тартып, көгеріп кетті. Салдарынан жиhаздар бүлініп жатыр. Әрі балалар жиі ауырады. Былтыр қала әкімі келіп, жағдайды көріп кетті. Барлық мәселені айттық. Алайда проблема сол күйі шешілмеді.
Тұрғындардың айтуынша, үйдің кем-кетігі көп. Жаңбыр жауса, шатырдан су сорғалайды. Ал жертөлесі болса кәріз суына толы. Салдарынан қолаңса иіс қолқаны қабады.
ФАРИДА ЖҮСІПОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Пәтерімізді жағымсыз иіс жайлап кетті. Жертөлені ешкім тазартпайды. Әкімдікке, прокуратураға, үйді салған құрылыс компаниясының өкілдеріне тіпті санитарлық-эпедимиологиялық департаментке бірнеше мәрте барып, шағымдандық. Ешқандай нәтиже жоқ. Олар тек бір-біріне сілтейді.
Айта кету керек, «Береке» шағын ауданындағы жалдамалы коммуналдық үйлер әлеуметтік жағынан осал топтағы жандар үшін салынған. Қазір мұнда жалғыз ілікті аналар, жетім-жесірлер, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар тұрып жатыр.
ӘСЕМ АЙТУЛОВА, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Қардың көп болуынан, жерасты суларының көп болуынан Байболов көшесінде орналасқан үйлердегі насостар істен шыққан болатын. 1-2 күн бұрын насос станциясы қайта бұғатталып қалды. Сондықтан тұрғындарға кәріз құбырына қалдықтарды, түрлі затты тастамауға шақырамыз. Ол үйлерге бізде ТОО «Жилищная служба» жауапты. Қазіргі таңда оларға косметикалық жөндеу жұмыстарын жасауға тапсырма берілді. Жақын арада кіріседі.
Осы маңдағы 6 үйдің құрылысына деп бюджеттен 7 миллиард теңге бөлініп, 2023 жылдың соңында баспаналар халық игілігіне тапсырылды. Тұрғындардың айтуынша, содан бері халық проблемадан көз ашпай келеді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.