Ақтөбеде екі жылға созылған жол жөндеу жұртты шаршатты

Ақтөбеде «Оңтүстік-Батыс» ықшам ауданының тұрғындары ұзаққа созылған жол жөндеу жұмыстарына наразы. Олар уәде етілген жаңа жолды екі жылдан бері күтіп келеді. Бұған дейін сапасы жаман емес асфальт жабындысы да алынып тасталған. Енді оның орнына жаңасын төсейміз дегендер әлі ештеңе жасамаған. Қазір әкімдік мердігер компаниямен соттасып жатыр. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет осындай қабілетсіз компанияларға мемлекеттік жобаларды тапсырған шенеуніктердің жұмысынан бірқатар қателік тапты.
Ықшам аудан тұрғындары былтырдан бері жергілікті билікке шағымдарын айтып келеді. Алайда әзірге нәтиже жоқ. Жаңа жол, жарық, тротуар мен инженерлік желілер салынады деп жоспарланған аумақта ешқандай жұмыс жүріп жатқан жоқ.
ОЛЖАС СЕЛБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Дүкенге, аялдамаға бару үшін күн сайын шаң-тозаңның, қираған тастар мен үйінділердің арасымен жүріп өтеміз. Осылай жүргенімізге шамамен үш жыл болды. Республикалық сараптаманы күтіп жатырмыз, — дейді.

Бұл жаңа жол салынуы тиіс жалғыз көше емес екен. Ықшам ауданда мұндай көше саны – 22. Солардың бір бөлігін жөндеуді мойнына алған мердігер компания 16 шақырымнан астам жолды ретке келтіруі керек болған. Жұмыс өткен жылдың жазында басталып, оған әкімдік тарапынан 750 миллионға жуық теңге бөлінген. Алайда кейін компанияның өз міндеттерін орындай алмай жатқаны анықталды. Яғни жұмыс күші де, техника да жеткіліксіз.

ӘДІЛБЕК АХМЕТ, ТКШ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
— Тайманов көшесінде асфальт төсеу жұмыстары бойынша кемшіліктер анықталды. Жол зертханасы тарапынан бірқатар бұзушылық тіркелді. Сондай-ақ эмульсияның қолданылмағаны белгілі болды. Жұмыс баяу жүріп, тиісті деңгейде ұйымдастырылмағанына байланысты біз мердігер компанияны сотқа бердік. Бұл – алматылық компания. Фирма басшыларын шақырттық, олар екі апта ішінде жұмысты қайта бастаймыз деп уәде берді.

Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері бұл жағдайға әкімдікті айыптап отыр. Нақты айтқанда, тапсырыс беруші тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бюджет қаржысына атқарылатын бірнеше жобаны бір компанияға қайта-қайта берген.

НҰРБОЛАТ МАХМУТОВ, СЖҚҚ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ:
— Тапсырыс берушілер бақылау жағынан өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамаған. Яғни олар жобаны бастамай тұрып-ақ, мердігер компанияның оны жүзеге асыра алатынын немесе алмайтынын алдын ала болжауы тиіс еді. Олқы жоспардың салдары осылай болады. Бір мердігер бірнеше жобаны қатар алып, ешбірін уақытында аяқтай алмай жатқаны — соның айқын дәлелі.

«Оңтүстік-Батыс» ықшам ауданындағы 22 көшенің жолын күрделі жөндеу жұмыстары жоспар бойынша келесі жылы аяқталуы тиіс. Ал тұрғындар жол құрылысын сапалы әрі уақытында орындай алатын адал мердігер компанияға беруді сұрайды.
———————————————