Шығыс Қазақстан облысының курорттық аймақтарында туризм тұралап тұр. Себеп – кәріз суын тазарту нысандарының 70 пайызы тозған. Бұқтырма су қоймасының жағалауындағы елді мекендерде ескі тазарту кешендері, мыңдаған демалыс үйіне қызмет көрсетеді. Енді тот басқан жүйе жүктемені көтере алмауда. Өскемен қаласында да кәріз суын тазарту қиындық туғызып жатыр. Облыс орталығының тазарту нысандары 1958 жылдан бері бірде-бір рет күрделі жөндеуден өтпеген. Жергілікті билік алдағы бірнеше жылда Өскемен, Риддер, Алтай және Серебрянск қаласындағы тазарту нысандарын қалпына келтіру үшін инвестор іздеуде. Дегенмен бұл жобалар қомақты қаржыны талап етеді. Мысалы, Риддердегі су тазарту станцияларын, толықтай қайта жаңғыртуға шамамен 10 миллиард теңге қажет.
РАУАН ТҰРЫСБЕК, ЭТКШ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Риддер қаласында кәріз суын тазарту нысандарын ретке келтіру мақсатында техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді. Қазір өнеркәсіп министрлігінен салалық қорытынды бойынша келісім күтіп отырмыз. Ал Өскемен қаласы бойынша жақында ғана ҚХР-ның инвесторларымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.