Елордадағы тұрғын үйдің қасбетіне патриоттық мурал салынды

Елордада көпқабатты тұрғын үйдің қасбетіне патриоттық мурал салынды. Туынды «Ұлттық ұлан — ел айбыны» деп аталады. «Бұл жастардың рухын оятып, отансүйгіштікке тәрбиелейді», — дейді мурал авторы. Муралды салтанатты түрде ашу құрметі қызмет барысында қырағылық пен жанқиярлық танытқан қос сарбаздар Даниял Сәрсенғалиев пен Нұржан Жұмабекұлына берілді. Даниял Сәрсенғалиев таяуда эпилепсиялық ұстамасы бар қызға жедел медициналық көмек көрсеткен. Ал Нұржан Жұмабекұлы «Шарын» базарындағы өртті байқаған бойда тиісті қызметтерге уақытылы баяндап, оқиға орнына қосымша күш шақырып, қауіп аймағына дереу қоршау ұйымдастырған. Айта кетейік, өнер нысаны Сейфуллин 9/1 және Кубрин 22/1 көшелерінің қиылысында орналасқан алаңдағы ғимаратқа салынған.
ДАНИЯЛ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, 5573 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНІҢ ҚЫЗМЕТШІСІ:
— Біздің осы образға арналған муралдың ашылғанына қуаныштымын. Біз халыққа қолдан келгенше көмектесуге тырысамыз. Қолымыздан келгенін жасаймыз. Өз басымнан эпилепсия ауырына шалдыққан қызға көмектескем. Жолда көріп, жедел жәрдем шақырып, алғашқы медициналық көмек көрсеттім.
———————————————