Алматының Түрксіб ауданында бір адам өрттен ажал құшты. Тілсіз жау жеке тұрғын үйлердің бірінен шығып, кейін іргелес ғимаратқа тараған. Сөйтіп, 500 шаршы метрден астам аумақты күл-талқан еткен. Төтенше жағдай мамандары келтірген дерек бойынша опат болған азаматтың мәйіті өрт сөндірілгеннен кейін бір-ақ табылған. Қазір оның кім екені және апатқа нақты не себеп болғаны анықталып жатыр. Бұдан бөлек, тағы 2 азаматтың зардап шеккені белгілі.
Айта кетейік, қызыл жалынды ауыздықтауға асығып бара жатқан кезде өрт сөндіру көлігінің бірі аударылып қалған. Дегенмен техника дереу қалпына келтіріліп, өрт сөндірушілер штаттық режимде жұмысын жалғастырды.
ДИАС МУСИН, ӨРТ СӨНДІРУШІ:
— Алматы қаласының ТЖД күштері жоғары дәрежелі өрт бойынша Түрксіб ауданы, Международная көшесіндегі 11-үйге бағыт алды. Бірінші бөлімше келгенде төрт иесі бар жеке тұрғын үйден өрт шығып, оның көрші жатқан нысандарға тарағаны анықталды. Алдын ала есеп бойынша жалыннан жалпы аумағы 500-600 шаршы метр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.