Астанада тағы да автобус апаты болды. Бұл жолы қоғамдық көлік жеңіл машинаға соғылды. Екі жолаушы жарақат алды. Олар ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлік көмек алғаннан кейін үйлеріне жіберілді. Қазір жол апатының себеп-салдары анықталып жатыр. Ал бұған дейін жол жиегіндегі бағанаға соғылған автобус апатынан жарақат алған үш жолаушы әлі ауруханада жатыр. Соның бірі – екі аяғынан айрылған 7 жасар Алуа Бекен. Қыз баланың отбасына қала әкімдігі төртбөлмелі пәтер және 10 миллион теңге қаржылай көмек берді. Ал бүгін автобус паркі бұл отбасына өмір бойы көмектесетін болды деген ақпарат желдей есті. Бұл қаншалықты рас?
№1 АВТОБУС ПАРКІ:
«№1 Автобус паркінің басшысы М. Тұқпатов пен Алуаның туыстары арасындағы жеке кездесуде моральдық қолдау көрсетіліп, заң аясында көмектесуге дайын екеніміз айтылды. Алайда мемлекеттік кәсіпорын ретінде №1 Автобус паркі заңда бекітілген рәсімдерсіз өмір бойына қаржылық көмек көрсетуге уәкілетті емес екенін атап өтеміз. Алдағы төлемдер мен қосымша көмек тергеу мен сот шешімінен кейін заңға сәйкес беріледі. Қазіргі уақытта отбасының заңгерлерімен және тиісті мемлекеттік органдармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Біз құқықтық және ұйымдастырушылық жағынан қолдауды жалғастыра береміз. Бұған дейін ресми түрде жарияланған көмек толық көлемде көрсетілуде».
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.