Ел экономикасында өсу қарқыны байқалады. Яғни ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр аралығында жалпы ішкі өнімнің өсімі 6 пайыздан артқан. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен құрылыс секілді маңызды салаларда да оң динамика бар.
Биылғы бес айда жалпы ішкі өнім 6 пайызға артқан. Әсіресе өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және байланыс салаларында өсім қарқыны қатты. Ұлттық статистика бюросы осылай дейді. Оның алдын ала дерегіне сәйкес, оң үдеріс өңірлердің барлығында дерлік байқалады. Мәселен, өнеркәсіп саласын алайық. Даму қарқынының үдеуі 17 аймақта тіркелген. Кен өндіру, тыңайтқыштар, портландцемент пен қант өндірісінің қарқын алуынан Жамбыл облысы шамамен 23 пайыз көрсеткішпен көш бастады. Түркістан мен Жетісу облыстарында өндіріс саласының өсімі 14,8 процентті құрады. Ал Алматыда 14,1 пайызға өссе, Шымкентте 18,9%-ға жетті.
Ауыл шаруашылығы бойынша ең айқын өсім Атырау облысында. 10 пайыздан асады. Солтүстік Қазақстан облысында 7,5 процентке жеткен. Үздік үштікті 6,5 пайыз өсім көрсеткен Ақмола облысы түйіндеп тұр.
Жалпы, қаңтар-мамыр аралығында осы сала бойынша жалпы ішкі өнімнің өсуі 4 процентке жақсарған. Ал соңғы 5 айда ең үлкен өсімді қай қала көрсетті? Ол, әрине, құрылыс. Қарқын алғаны сонша үлесі 15,4 пайызға жеткен. Мәселен, Маңғыстау облысында мектептер, тұщытқыш зауыт, мұнай және су құбырларын қайта жаңарту, аудандық аурухана және автожолдарды жөндеу сияқты ауқымды жобалардың арқасында жұмыс көлемі екі есе артқан. Ал Қызылорда облысында 64,5 пайыз көлемінде өсім тіркелсе, Қостанайда 58 процентке жуық. Елордамызда бұл көрсеткіш 52 процент шамасында болса, Түркістан облысында – 46,6 пайызды құрады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.