Президент Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясының спикерлерімен кездесті

Президент Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясына мүше елдер парламенттерінің спикерлерімен кездесті. Қазақстан – Түркі мемлекеттері ұйымының негізін қалаушылардың бірі. «Бұл құрылым елдеріміздің экономикалық және мәдени-гуманитарлық дамуына ерекше ықпал етеді деп сенеміз», — деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасының даму бағдарын айқындап, осы салада нақты реформа жүргізіліп жатқанын айтты. Соның нәтижесінде 2024 жылы еліміздің жалпы ішкі өнімінің көлемі шамамен 290 миллиард долларға жеткен. «Бірақ алдымызда тұрған түйткілдер аз емес. Атап айтқанда: ірі инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру, жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту, ауыл шаруашылығына жан-жақты қолдау көрсету, көлік-логистика саласының әлеуетін арттыру бойынша қазір белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін түркі мемлекеттерімен тиімді ынтымақтастықты нығайту өте маңызды», – деді Мемлекет басшысы.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ — ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Түркі инвестициялық қоры өз қызметін тиімді жүргізіп отыр. Осының бәрі – түркі ықпалдастығын бекемдей түсетін маңызды қадамдар. Біз Түркі мемлекеттері ұйымы саммиттерінің қорытындыларын жоғары бағалаймыз. Уағдаластықтарды сапалы жүзеге асыруға ерекше мән береміз. Жақында Мажарстанда өткен мемлекет басшыларының бейресми кездесуі нәтижелі болды. Қазақстан осы игі үрдісті жалғастыра беруге қашанда әзір. Бұл ретте, мен келесі басқосуды киелі Түркістанда өткізуді ұсындым.
———————————————