Оңтүстік Африка ақ ұлпаға оранды

Табиғи коллапс. Қытайдың Хайнань аралына цунами қаупі төніп тұр. Осының салдарынан бұл аймаққа баратын ұшақтар кешіктіріліп жатыр. Айталық, бүгін Астанадан Саньяға жоспарланған рейс, бір күнге шегерілді. Ал Оңтүстік Африка ақ ұлпаға оранды. Қардан соң, жаңбыр жауып, соңы су тасқынына ұласты. Кейбір ақпаратқа сай, қолайсыз күн райынан елуге жуық адам қаза тапқан. «Бұл – климаттық өзгерістің салдары», — дейді экологтар. Ал Қазақстанда ауа райы қалай құбылады?
Маусым айы. Бұл климаты ыстық әрі ылғалды Оңтүстік Африка Республикасында түсірілген кадрлер. Көшелерді қалың қар басып, соңы су тасқынына ұласқан. BBS-дің мәліметінше, табиғаттың тосын мінезінен әсіресе Шығыс Кап пен Квазулу Натал провинциясы көп зардап шекті. Аталған өңірлерде жол қозғалысы қиындап, көлік апаты көбейді. Білім беру нысандары мен емдеу мекемелерінің ғимараты қираған. Электр қуаты өшіп, тұрғындар жарықсыз қалған. Қарлы дауыл салдарынан 49 адам қаза тапты.
Экологтардың пайымынша, соңғы жылдары ауа райындағы өзгерістердң кесірінен табиғи апат жиілеген. Мамандар: «Бұған Эль-Ниньо және Ла-Нинья климаттық құбылыстары себеп болуы мүмкін», — дейді. Яғни температура құбылып, әлемнің бір нүктесіне қар түсіп, жауын толастамаса, енді бөлігінде аптап ыстық жиілейді. Ауаға тарап жатқан зиянды қалдықтардың да климатқа кері әсері бар.

ЛАУРА МӘЛІКОВА – ЭКОЛОГ:
— Ауадағы көмірқышқыл газының өсіп жатқандығы – индустриялизацияның салдары. Қазір екінің бірінде автокөлік бар, сосын өндіріс ошақтары бұлардың барлығы климатқа кері әсірені тигізіп жатыр орасан зор. Сондықтан осы тұста Париж келісімі аясында барынша көмірқышқыл газын азайту керек. Климаттың өзгеруін жұмсақтату, адаптация жүргізу жұмыстарын жүйелі түрде жасау керек.

«Климаты ыстық континенттерде болған жауын мен қар таңсық құбылыс емес», — дейді экологтар. «Жаһанда климаттың өзгеруі бұл сән үшін көтеріп жатқан тақырып емес. Бірінші кезекте адамзат үшін маңызды мәселе екенін ұмытпаған ләзім» деген пікірде.

ЛАУРА МӘЛІКОВА, ЭКОЛОГ:
— Қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жүргізу керек, Ауыл шаруашылығы министрлігі экологиялық нормалардың сақталуына жіті назар аудару керек.

Ал қазақстандық синоптиктер биыл ел аумағында аномальды климаттық жағдайлар болмайды деп болжап отыр. Мәселен, маусымның 13-18 аралығында еліміздің орталық, оңтүстік, оңтүстік-шығыс аймақтарында күн күрт ысиды. Мәселен, Ұлытау облысында ауа температурасы 35 градусқа дейін Ал сыр өңірінде 43 градусқа дейін көтеріледі. Түркістан, Жамбыл, Алматы, Жетісу облысында да құрғақ ауа райы сақталады.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА ТІЛШІ:
— Дүниежүзілік метереология ұйымының мәліметінше, 2023 жыл әлем тарихындағы ең ыстық жыл болды. Осыдан екі жыл бұрын Қазақстанда орташа жылдық ауа температурасы климаттық нормадан асып, рекордтық көрсеткішке жеткен. Құрғақшылықтың кесірінен шаруа қауымы да көп зардап шекті. Ал синоптиктердің болжауынша, биылғы жаз айларында ел аумағында орташа ыстық сақталады.
———————————————