Қостанайда облыстық балалар ауруханасының ғимараты алты жылдан бері қаңырап бос тұр. Тапсырыс беруші мен мердігер арасындағы дау-дамайға байланысты, күрделі жөндеу жұмысы аяқталмаған. Ал дәрігерлер науқастарды жалға алынған ғимаратта қабылдап, емдеуге мәжбүр. Жергілікті билік өкілдері: «Шаруа биыл қайта жанданады», — дейді. Түйіткіл қашан шешіледі?
Облыстық балалар ауруханасындағы күрделі жөндеу жұмыстары 2019 жылы басталған. Алғашында бұл мақсатқа 1,2 миллиард теңге бөлінген еді. Артынша тағы 1,5 миллиард қарастырылды. Алайда тапсырыс беруші мен мердігер компания арасында дау туындап, іс сотқа жетті. Содан бері науқастар жалға алынған ғимаратта емделіп жүр. Күрмеулі мәселені депутаттар да, шенеуніктер де көтерді. Тіпті жақында қоғам белсенділері жастар медицина мекемесі алдында бейбіт акция ұйымдастырды.
АЙЫМГҮЛ СЕЙІТОВА – «ЖАҢА АДАМДАР» ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ КӨШБАСШЫСЫ:
— Аурухана қайда? Біз наразылық ретінде ЛРТ пішініндегі анти-оскар мүсінін жасап, шара өткіздік. Әрекет етіп, талап қою керек. Мәселе сол кезде шешіледі деп ойлаймын.
Жауапты мекеме өкілдерінің айтуынша, жөндеу жұмыстары биыл қайта жанданады. Жаңа жобаның құжаты әзірленіп, ұйыммен келісімшарт жасалды. Жуырда ол мемлекеттік сараптамаға жіберіледі.
ДАНИЯР ҚАНАПИН, ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Егер ескертулер болса, олар түзетіледі. Дегенмен біз сараптама қорытындысы ойдағыдай болады деп ойлаймыз. Бәрі жақса болса, бұл мәселеге жақында нүкте қойылады.
Айта кету керек, сарапатамадан кейін аяқсыз қалған шаруаны соңына дейін жүзеге асыратын мердігер таңдалады. Ол үшін конкурс жарияланады. Қазіргі таңда емдеу мекемесіндегі жөндеуді аяқтау үшін нақты қанша қаражат керек екені беймәлім. Ол сараптамадан кейін белгілі болмақ. Бар қаржы облыстық қазынадан бөлінеді деп жоспарланып отыр. Жергілікті бюджет бекітілгендіктен, қосымша түзетулер енгізіледі. Ал оған тағы уақыт қажет.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.