Автобус апаты жиілеп кетті

Астанада автобусқа отыру қауіпті болып барады. Өйткені қоғамдық көлік апаты жиілеп кетті. Айталық, бүгін елорда іргесіндегі Қараөткел ауылында автобус «Камаз» жүк көлігімен соқтығысты. Жол апатына автобус жүргізушісі кінәлі болуы мүмкін. Оның үстінен әкімшілік іс қозғалды. Зардап шеккендер жоқ, өйткені автобус бос болған. Кеше ғана қалаішілік тағы бір автобустың жол апатына ұшырағанын айтқан едік. Онда қоғамдық көлік жеңіл машинамен соқтығысқан. Екі адам ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлік тексерістен кейін үйлеріне жіберілді. Ал маусымның 2-сі күні жол жиегіндегі бағанаға соғылған автобуста болған 3 адам әлі де ауруханада. Апат салдарынан 7 жасар қыз баланың екі аяғынан айрылғаны белгілі.
———————————————