Ресеймен шекарадағы электронды кезек жүк тасымалдаушыларды әбігерге салды

Қазақстан – Ресей шекарасында электронды кезек енгізілгелі жүк тасымалдаушылардан маза қашты. Жүйкесі тозғандары бір-біріне жұдырық ала жүгіруде. Мәселен, Ақтөбе облысындағы «Жайсаң» бекеті маңында 8 шақырымдық кептеліс. Мамыр айында мұнда пилоттық режимде «CarGoRuqsat» электронды жүйесі іске қосылған. Ол халықтың шекарадан өтуін жеңілдетуі тиіс еді. Алайда жүргізушілердің айтуынша, жағдай керісінше қиындап кеткен. Облыстық кәсіпкерлер палатасына алғашқы аптаның өзінде 200-ден астам шағым түскен. Жағдайды жол жөндеу жұмыстары да қиындатып отыр. Республикалық маңызы бар Самара – Шымкент бағытындағы трасса қазір қайта қалпына келтіріліп жатыр.
МИХАИЛ – ЖҮРГІЗУШІ:
— Жүргізушілерден әбден маза кетті. Бір-бірін айналып өтіп, ойларына келгенді істеп жатыр. Кейде жолды жауып тастайды. Жол полициясы: «Бәрің рет-ретімен кіресіңдер», — дейді. Кейде тәуліктеп осында тұрмыз. Жағдай қиын.

РУСЛАН КҮЙШІНОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Шекарадан өту үшін жүргізушілер электронды талон алуы керек. Бірақ учаскеде оларға ешқандай жағдай жасалмаған. Мұның арты айғай-шуға алып келуде. Сондықтан бұл жүйені уақытша, яғни жағдай реттелгенше алып тастауды ұсынамыз.
———————————————