Атырау облысы Индер ауданының шаруалары дабыл қақты. Айтуларынша, соңғы жылдары қарақұрт қаптап, төрт түлікке қырғидай тиіп жатыр. Зиянкес әсіресе жайылымдық жерді жайпап тастаған. Ал әкімдік өкілдері улау жұмыстарына қаржы қарастырмағанын айтады.
Шаруа Қайырлы Шәмшиденов жыл сайын қайталанатын жағдайдан сабақ алмайтын шенеуніктерге ренжулі. Өйткені соңғы төрт жылда он бас малынан айырылған.
ҚАЙЫРЛЫ ШӘМШИДЕНОВ, ШАРУА:
— Қарақұрттың көбейіп кеткеніне ештеңе істей алмай отырмыз. Жердің жағдайы мынау. Әкімдік ештеңе айтпайды. Былтыр да, алдыңғы жылы да айттық. 5 жылдай болды. Жылда түйе өледі. Екі-үшеуден өліп жатыр. Шарбақтағы ботаның өзін шағып, система салып, аман алып қалып жатырмыз.
Ауданда мал бағатын 300-ден аса шаруа дәл осы күйді кешіп отыр. Сондықтан олар зиянкеспен күресті күшейту қажет деп санайды. Өйткені қарақұрт төрт түліктен бөлек, адам өміріне де қауіп төндіріп тұр.
АҚЫЛБЕК САБЫРОВ, ДӘРІГЕР:
— Мұның симптомдары бас ауруы, шаққан жердің ауруы, қызу және удың қан айналысқа түскен соң әрі қарай бүйрекке түсуі.
Ал жергілікті билік өкілдері зиянкеспен күреске бюджеттен қаржы қарастырылмаған деп отыр. «Бірақ соған қарамастан улау жұмыстарын ай сайын жүргіземіз», — дейді.
СНХ: ЕРЖАН ӘБІШЕВ, АУДАНДЫҚ ВС БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Жеке адамдар дезинфекция жұмыстарына жүгініп жатыр. Енді ол уақытта керолин, нацедолмен малдың өзін тікелей дезинфекция жасауға болады. Ал қора-жайға келетін болсақ, шабындық жер бұлар бюджеттен бізге келмейді.
Ал шаруалар ауданда төтенше жағдай жариялау қажет деп есептейді. «Өйткені улы жәндікпен күресуге қауқарымыз жетпейді», — дейді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.