Атырауда жекеменшік бөбекжайда 7 айлық сәби шетінеді

Атырауда үйде баланы қабылдайтын жекеменшік балабақшада 7 айлық сәби шетінеді. Анасының айтуынша, бөбекжай тәрбиешілері баласына дұрыс қарамай, салғырттық танытқан. Тіпті қол көтерген болуы мүмкін деп күдіктенеді.
Гүлзия Бекболат жеті айлық ұлынан айырылып қалғанына әлі де сене алар емес. Қайғылы жағдай былтыр қазан айында болған. Бесікте жатқан баласының көзі айналып, денесі суықтай бастаған сәтте бөбекжай қызметкерлері бірден хабарласып, ұлын емханаға апарған. Дәрігерлер шұғыл көмек көрсеткенімен, баланы аман алып қалу мүмкін болмапты.

ГҮЛЗИЯ БЕКБОЛАТ, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:
— Күтушіге аманаттап тапсырдым, ақшамды төлеп отырмын, баланы дұрыс қарау керек еді. Бала қараусыз қалды. Сотқа жетуін, әділ шешім шығуын және бұл бөбекжайдың жабылуын сұраймын, себебі балабақша заңсыз жұмыс жасап отыр. Маған қаншама адам жазып жатыр.

Ал бөбекжай өкілдерімен байланысқа шыққанымызда, үйде баланы қабылдағанын растады. Заңсыз жұмыс істегенін де мойныдады. Бірақ анасының айтқанын жоққа шығарды. Сәби әу баста ауырып жүрген деп отыр. Ал білім беру саласының сапаны қамтамасыз ету мамандары бұрын-соңды мұндай жекеменшік балабақшаның барын білмейтіндерін айтады.
БЕРДІБЕК ТАИШЕВ, ББССҚЕ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Бұл оқиға бойынша арыз-шағым түскен жоқ. Департаменттің тексеру құзіретіне жататын мәселе болса, тиісті жоспардан тыс тексеру ашып, тексеріс жүргіземіз. Ары қарай заңды шараларын қабылдаймыз ғой. Үйден ашылғанда: хабарлама жібергенге дейін өзінің талаптары, санитарлық сәйкестігі туралы қорытынды алуы керек.
Ал полиция оқиға барысында қылмыстың болмауына байланысты істі тергеуді тоқтатқан.

МЕЙІРІМ ЕРДӘУЛЕТ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— 1 қалалық полиция бөліміне қылмысттық іс тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілді, баланың өлімінің себептерін анықтау үшін сот-медициналық сараптамалар тағайындалған, сараптама қорытындысына сәйкес, қылмыстың құрамына болмауына байланысты қылмысттық іс қысқартылған.
Бұған сәбиінен айырылған отбасы сенбейді. Сондықтан ісіне салғырт қараған бөбекжай тәрбиешілері тиісті жазасын алсын деп отыр.
———————————————