Алматыдағы құрылыс алаңында болған өлімге кім жауапты?

Мұнаралы краннан келген қауіп. Алматыдағы құрылыс алаңында жаншылып өлген жұмысшының туыстары істі әділ тергеуді сұрайды. Олардың айтуынша, оқыс оқиғаға құрылыс компаниясы кінәлі. Техникалық қауіпсіздік ережелері сақталмаған.
Марқұмның туған-туыстары болған жағдайға әлі сенер алар емес. Әулеттің тірегінен айырылып, қара жамылып отыр. Ажалы құрылыс алаңында болған. Жұмабек Қадіров көзі тірісінде 61 жасқа толар еді. Балалары осы аптада туған күнін атап өтуге дайындалған.

СЫРЫМ БЕЛЕКОВ, МАРҚҰМНЫҢ БАЛАСЫ:
— Бүкіл кінә сол компаниядан болып тұр. Өйткені әкем аталай айтатын. Мынаны былай сақтау керек деп. Біз шағымданайық дедік. Олар наразылығыңды білдірсең, жұмыстан шығарып жібереді.

Оқыс оқиға Сәтпаев көшесінде құрылыс нысандардың бірінде болған. Кранды бөлшектеу жұмыстары кезінде 60 метр биіктіктен құлаған. Алған жарақат салдарынан сол жерде тіл тарпай кеткен. Марқұм жақындарына бұған дейін бірнеше рет жұмысында техникалық қауіпсіздіктің сақталмайтынын айтқан.

АЛПЫСБАЙ БЕЛЕКОВ, МАРҚҰМНЫҢ ТУЫСЫ:
— Ол неге кран үстінде болды? Оған шығуға кім рұқсат берді? Сол мәселелер бізге жұмбақ. Команда берген адамдарды анықтау керек. Құлағаннан кейін мәйіт осында 3-4 сағат жатып қалды. Ол да түсініксіз.

Туысқандардың бұл сөзін марқұммен бұрын бірге жұмыс істеген әріптестері де растап отыр. Бірақ камераға сұхбат беруден бас тартты. «Оқыс оқиғаға қауіпсіздік мәселесіне мән бермеген компания кінәлі», — дейді. Айтуларынша, мұнаралы кран ғимаратқа бекітілмеген. Алайда компания күзетшісінің уәжі басқа.

АСЛАН ЖАЗАЙРОВ, КҮЗЕТ БАСШЫСЫ:
— Техникалық қауіпсіздік сақталған. Барлық жұмысшы каскада. Бәрінде қызметтік киім бар. Құтқару тростары бар. Өзіміздің медқызметкерлеріміз бар, алғашқы жәрдем көрсетті.

Осы оқиға ізімен қылмыстық іс қозғалған. Қазір құрылыс алаңында өндірістік тексеру жұмыстары жүріп жатыр.
———————————————