Бюджет есебінен сатып алынған дәрілер дәріханаларда сатылған. Дәрігерлердің қитұрқы әрекетін аудиторлар анықтады. Сөйтіп, тегін таратылуы тиіс 15 препарат халыққа 600 есе қымбатқа саудаланған. Ал жеке компания Тайландтан сатып алған өнімді отандық деп айтып, мемлекетке екі есе жоғары бағамен сатқан. Осылайша, 62 млн дана медициналық қолғапты 8 млрд теңгеге әкеліп берген. Тексеріс кезінде жарамдылық мерзімі бітуге жақын препаратты науқастарға таратудың 67 мыңнан астам дерегі әшкере болды. Аудиторлар халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамтуға жауапты компанияның қызметінен де шикілік тапты. СК-Фармация дәрі сатып алу шарттарын уақтылы жасамай, науқастар дәрісіз қалған жағдайлар көп.
ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ЖОҒАРЫ АУДИТОРЛЫҚ ПАЛАТА ТӨРАҒАСЫ:
— Бірыңғай дистрибьютор 2022-2024 жылдары тек амбулаториялық көмек шеңберінде 207 атаудан тұратын өнімді уақытылы сатып алмады және 164 өнімді мүлдем сатып алмады. Бірқатар препарат ай сайын бөліп таратылудың орнына тоқсан сайын жеткізіліп, тапшылық туындаған. Соның салдарынан пациенттер оларды өз қаражатына сатып алуға мәжбүр болған.
АРДАҚ АМАНГЕЛДИЕВ — ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІНІҢ М.А.:
— Мерзімі бітетін дәрілер туралы, бұл жауапты медициналық мекемелер жауап береді. Қазір біз осы аудит негізінде дүйсенбі күні арнайы тексеру тобын құрып, СК фвармацияда тексерісті бастадық. Нәтижесі дәлелденген соң қажет медициналық мекемелердің басшылары жазаға тартылады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.