Петропавлда 90-ға жуық көпқабатты үйдің тұрғындары ыстық сусыз отыр. Мәселенің туындағанына бір айға жуықтаған. Қазір шаhардағы моншаларда ұзынсонар кезек. Әкімдік өкілдері мұны жылыту маусымына дайындық жұмыстарымен байланыстырады. Проблема қашан шешілмек?
Қалаға кіре берістегі «Жас Өркен» шағын ауданы бұрын жеке сектор болатын. Мұндағы жер үйлер жаппай сүріліп, орнына көпқабатты тұрғын үйлермен әлеуметтік нысандар салынды. Сәйкесінше, жаңадан коммуналық желілер төселді. Алайда жылда жаз келсе болды, халық ыстық судан таршылық көреді.
МӘРЛЕН РАМАЗАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Жанымыздағы үйлерді жинаса, бірнеше мың адам ыстық сусыз тұр. Көбінің кішкентай балалары бар. Қазіргідей заманауи уақытта ыстық суды жылытып жуыну – басқа сыймайтын нәрсе.
Амалдың жоқтығынан тұрғындардың кейбірі қалада тұрса да, су ысытатын қондырғы орнатқан. Моншада да ұзынсонар кезек.
БАҒЛАН БРАЛИНА – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Моншаға барайық десек, олардың бағалары қымбаттап кетіпті. Мына осы жерде Маяковский көшесінде моншамыз бар. Бұрын бір кісіге бағасы 2 мың теңге болатын. Қазір бір кісіге бағасы – 3500 теңге. Моншаның маңайында кісі көп.
Тұрғындардың айтуынша, аталған ауданда жарық та жиі өшеді. Қалалық әкімдік өкілдері мұның барлығы уақытша екендігін алға тартады. Қазір шаhарда жылыту маусымына дайындық жұмыстары басталған. Жерасты құбырлары жаппай тексеріліп, жаңартылуда.
ӘСЕМ АЙТУЛОВА – ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Қала бойынша жалпы 7 бригада жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі таңда қалада 87 көпқабатты үй ыстық сусыз отыр. Олардың үлкен бөлігі мына «Жас Өркен» ықшам ауданында. Магистральная теплотрасса дейміз ғой, сол жерде үш ақау анықталды. Сол жерлерде жөндеу жұмыстары жасалып жатыр.
Әзірге бұл жұмыстардың нақты қашан аяқталатыны белгісіз.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.