Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні. Мереке орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты. Салтанатты шара «Атамекен» этномемориалды кешенінде өтті. Президент қазақстандықтарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады. Қазақстанның көк Туын бүгінгі күні бүкіл әлем мойындайтынын, киелі рәміздің Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде ілініп тұрғанын атап өтті. Туымыздың әлемнің ең биік нүктелерінде желбіреуіне үлес қосқан альпинистердің ерлігіне де тоқталды. Жеңіс тұғырында көк туды желбіретіп, әнұранды әуелеткен спортшылардың да еңбегі едәуір екенін айтты. Салтанатты шарада Президент оқуын үздік бітірген курсанттарға шен тапсыру рәсімі жақсы дәстүрге айналғанын айтып, жастарға Қазақстан туын қашан да биік ұстауды тапсырды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:
— Ұлт рәміздері – Тәуелсіздігіміздің киелі бойтұмары. Елтаңба, Ту және Әнұран – мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі. Қастерлі нышандарымыз Қазақстанның егемен ел, еңселі жұрт екенін жер жүзіне әйгілейді. Байрағы биік елдің рухы асқақ болады. Сондықтан біз осы мейрамға орай жыл сайын көк Туымызды биікке көтереміз. Бабаларымыз «Туыңды тік ұста!» деп өсиет қалдырды. Осы аманатқа адал болу – баршаға ортақ парыз. Бүгінде көк байрағымыз қастерлі Отанымыз – Қазақстанның бейбіт аспанында желбіреп тұр. Оны кейінгі ұрпаққа табыстау – қасиетті борыш.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.