Н. Ғайыпбаевтың өлімі мен үйдің өртенуі жеке қаралады

Талдықорғанда Талғардағы жасөспірім Шерзат Полаттың өліміне кінәлі деп танылған 9 күдіктіге сот үкім кесті. Оның бірі кәмелетке толмаған. Айталық, Абзал Шынасыл – 60 млн теңге, ал Равиль Сакиев – 30 млн теңге моральдық шығынды өтеуі тиіс. Қалғандары төлемді жабуға көмектеседі. Сонымен кім, қанша жыл арқалады?
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Кісі қолынан қаза тапқан 16 жасар жасөспірім Шерзат Полаттың өліміне қатысты істі сотта қарау сәуірдің 17-сінде басталған. Күдіктілердің қалауы ескеріліп, процесс алқа билердің қатысуынсыз өтті. Сот онлайн көрсетілімде өткендіктен, қазақстандықтар әр сәтін қалт жібермей, қадағалап отырды. Бүгін 9 күдіктіге қатысты сот үкім кесті.

ЕРЖАН ЖАНҰЗАҚОВ, СУДЬЯ:
— Сот үкім етті. Абзал Нұрғалиұлы Шынасыл ҚР Қылмыстық кодексінің 99-шы бабы, 24-ші бабының 3-ші бөлігі 99-бабының 2-ші бөлігінің 1-ші, 7-ші, 9-шы тармақтарымен, 293 бабының 3-ші бөлігімен кінәлі деп танылып, 23 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Равиль Магомедович Сакиев Қылмыстық Кодекстің 24-бабы 3-ші бөлігі 99-бабының 2-бөлігінің 7-ші, 9-шы тармақтары мен 293-бабының 3-ші бөлігімен кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.

Сонымен ең басты күдіктіге сот 23 жыл жаза кесті. Қалғандары 1 жыл 6 айдан бастап, 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Еске салар болсақ, өткен жылдың 4 қазанына қараған түні Талғарда бір топ адам келіп дүкен иесі Қаржаубай Нұрымов, ұлы Шерзат Полат, ағасы Нұрқанатпен жанжалдасып, арты кісі өлімімен аяқталған. Олар ағалы-інілі екеуін тепкінің астына алып, пышақ жарақатын салған. Салдарынан 16 жасар Шерзат Полат қаза болды. Оқиға орнына барған марқұмның анасының шырқыраған дауысына қарамастан, бұзақылар қанды қылмысқа барған. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырды.

АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Заң бойынша 2 аптаға дейін айыпталушылар аппеляциялық сотқа шағымдана алады. «Ал қайғылы оқиғадан кейін о дүниелік болған марқұм Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың өлімі мен әкесінің үйінің өртенуіне қатысты іс жеке-жеке қаралады», — дейді адвокаттары.
———————————————