Ақтөбедегі тұрғын үйлердің бірінде газ жарылды

Ақтөбеде бес қабатты тұрғын үйдегі жарылысқа қатысты «адам өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Пәтерде сол мезетте иесі ғана болған. 36 жастағы ер адамды жарылыс толқыны сыртқа лақтырып жіберген, ол қайтыс болды. Жарылыс салдарынан 3 пен 4-қабат арасындағы плита ортасына түскен. Алдын ала болжам бойынша, үйде газ ауа қоспасы жарылған. Тұрғындар жарылыс болған пәтерде кермелі төбені орнатып жатқанда газ баллоны қолданылған деген болжам айтады. Қазір сегіз подъезі бар үйдің үш кіреберісі қоршалған. Жұрт үйіне кіріп, құнды заттарын, құжаттарын, тұрмыстық техникасын алуға талпынғанымен, полиция ешкімді кіргізбей жатыр. Өйткені, үйінді астында газ баллоны бар болуы мүмкін. Құтқарушылар тазарту жұмысын аяқтағаннан кейін, сарапшылар келтірілген шығынды және үйдің қаншалық апатты жағдайда екенін анықтайды.
ӘСЕЛ АЙБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Бесінші этаждағы плита төртінші этажға құлады, төртінші этаждыкі үшінші үйге, менің пәтеріме құлап тұр. Спальнийде. Тұруға келмейді, мүмкіндік жоқ деп ойлаймын, мен қорқам оған кіруге. Мен енді жәрдем күтем. Сегіз үйдің несі ғой, ремонтқа не подлежит.

ЕВГЕНИЙ ОВЧАРСКИЙ, ТЖД БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
— Материалдық шығын бойынша қазір 6 пәтер қарастырылып жатыр. Әкімдік комиссиясы қираған төбені қарап, содан кейін қанша пәтердің зақымданғаны туралы қорытынды жасалады. Үй апатты деп тек арнайы құрылыс ұйымдарының жұмысы аяқталғаннан кейін ғана танылады.
———————————————