Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде қалдырды

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде сақтап қалды. Бұл шешімге инфляция, ішкі экономикадағы үрдістер, сыртқы орта факторлары түрткі болған. Тимур Сүлейменовтың айтуынша, мамыр айында жылдық инфляция 11,3%-ке жеткен. Бұған бірінші кезекте бір жылда құны 16 пайызға артқан қызмет көрсету саласының әсері бар. Азық-түлік инфляциясы да байқалады. Мамырда ол 9,6% болды. Болжам бойынша елдегі инфляция жыл соңына дейін — 10,5-12,5%, ал 2026 жылы – 9,5-11,5% аралығында қалыптасуы мүмкін. Ал бүгінгі базалық мөлшерлеме жыл соңына дейін сақталады деген болжам бар.
ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ – ҰЛТТЫҚ БАНК ТӨРАҒАСЫ:
— Үлкен өзгерістер болмайды. Кредиттер бойынша, депозиттер бойынша да болмайды деп жоспарлаймыз. Бірақ қазіргі таңда осындай қатаң ақша-кредит саясатын жалғастыруға тура келеді. Өйткені проинфляциялық факторлар көп. Сондықтан жылдың соңына дейін осы деңгейде сақтайтын боламыз.
———————————————