«Қазақстанда жасалған» деген белгі – сапа мен сенімнің кепілі болуы тиіс еді. Алайда бұл жазу кей кәсіпкерлер үшін тек тендер ұтуға қажет құралға айналды. Әсіресе, жол саласында. Шетелден келген өнімді «өзім өндірдім» деп көрсетіп, жалған сертификатпен мемлекеттік қаржыны игеріп жатқандар жетерлік. Осы ретте үкімет дабыл қағып отыр. Ал «ҚазАвтоЖол» тиісті тексерісті бастап кетті.
Соңғы жылдары Қазақстанда «жергілікті мазмұн» атты тетік жиі айтылып жүр. Бұл – отандық кәсіпорындарды қолдаудың құралы. Алайда бұл тетік кейінгі кездері көзбояушылықтың құралына айналған. Тауардың шығу тегі туралы сертификат шүлен таратқандай, оңды-солды үлестіріліп жатқан деректер жетерлік.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Өкінішке қарай, қазіргі жүйе индустриялық сертификаттар мен CT-KZ сертификаттарын жалған өндірушілерге беруге жол беріп отыр. Бұл проблема «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында да кездесіп жатыр.
Сертификат – сор, кәсіпкер қор болмасын, десек жүйені жаңғырту қажет. Әсіресе жол саласында. Әйтпесе сертификатпен «қаруланған» кей компаниялар шетелдік өнімді отандық деп көрсетіп, тендер жеңіп жүр. Ал шын мәнінде жол сапасына жауапты нағыз өндіріс орындары нарыққа кіре алмайды. Осы себепті ҚазАвтоЖол жуырда тиісті тексеріс жұмыстарын бастап кетті.
ҚАНАТ САДЫРҚАСОВ, QAJSERVICE ӨКІЛІ:
— Біз халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстаумен айналысамыз. Сол себепті еліміздегі облыстық филиалдармен бірге семинарлар мен іс-шаралар өткізіп тұрамыз. Бүгін біз белгілі «Спец-Трейд» компаниясына келдік. Бұл жерде серіктес мердігерлеріміздің жаңа, заманауи технологияларымен танысып жатырмыз. Атап айтқанда, жол сызықтарын жаңаша әдіспен сызу, оны қолдану техникасы мен материал сапасы жөнінде ақпарат алдық.
АТАҚАН ӘБДІЖӘЛЕЛОВ, КОМПАНИЯНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
— Біз екі жылдан бері отандық тауар өндіруші саналамыз. Пластик өндіреміз. Бояу шығарамыз. Сондықтан кез келген мемлекеттік органды ашық түрде шақырамыз. Биыл «ҚазАвтоЖолдан» бастап, сапа орталықтары да келді. Өндірісімізді көрсеттік. Біз көлік қауіпсіздігіне арналған өнімдер шығарамыз, жаңа техникалар да енгізіп жатырмыз.
Сарапшылардың айтуынша, отандық кәсіпкер тек сенімге жұмыс істеуі керек. Себебі, жалған құжатпен көл-көсір қазынаға кенелетін, шынайы кәсіпкер шетте қалатын жүйе ұзаққа бармайды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.