Азиядағы жалғыз банан плантациясы Шымкентте

Шымкентте банан өсіп жатыр. Тропикалық жемісті алғаш рет өндірістік көлемде өсіру қолға алынды. Отандық банан өсетін жылыжай қазір қаладағы туристік орындардың біріне айналды. «Мұндай банан алқабы Орталық Азияда жалғыз», — дейді кәсіп иелері.
Бұл – Шымкенттегі банан плантациясы. Мұнда экзотикалық өнім өсіріліп, жергілікті нарыққа шығады. Қазір бұл орын – қаладағы сұранысқа ие жылыжайдың бірі. Себебі бананның қалай өсірілетінін көруге қызығатындар көп.

Банан алқабын көруге елдің түкпір-түкпірінен, тіпті шет мемлекеттерден де адам ағыла бастаған. Күн сайын тропикалық бауды тамашалауға 200-300-ге жуық адам келеді. Ал демалыс күндері келуші саны 500-ге дейін жетеді.
Кәсіп иелерінің айтуынша, бұл – Азиядағы алғаш әрі жалғыз банан плантациясы.

НӘБИ ТАШМАТОВ, ЭКСКУРСИЯ ЖЕТЕКШІСІ:
— Біздің елімізде емес, Азиядағы жаңалық. Азия бойынша мұндай бау жоқ. Бауды көруге сұраныс халықтан көп болды. Сол себепті экскурсия аштық. Келген халықтың қуанышы, ризашылығы өте жоғары.

Банан бағы 5 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда 7 мыңнан астам түп ағаш бар. Бір ағаш 50-60 келі жеміс береді. Отандық өнімнің бағасы да арзан, келісі – 650 теңге. Бұл еліміздегі ең төмен баға деуге болады.
———————————————