Солтүстік Қазақстан облысында қатарласын бопсалап, артынша ұрып-соғып келген бір топ оқушы қызға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жасөспірімдер Петропавлдағы №9 орта мектептің 8-сынып оқушысын қорқытып, одан ақша талап етіп отырған. Кейін күш көрсетіп, ойларына келгенін істеп, аяусыз соққан. Тіпті бұл тірлігін олар ұялы телефонға түсіріп, желіге жүктеген. Бейнежазбаны әлеуметтік педагог көріп, құқық қорғау органдарына хабарлаған. Бүгінде күдікті ретінде 6 қыз бала анықталып, тергеуге алынды. Оларды қазір девиантты мінез – құлықты балаларға арналған, арнайы білім беру ұйымына жіберу мәселесі қарастырылып жатыр. Жасөспірімдердің кінәсі дәлелденсе, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал зардап шеккен оқушымен педагог-психолог қазір жұмыс істеп жатыр.
АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Жәбірленушінің анасы әңгімелесу барысында бұл жағдай бойынша білген. Бірақ полиция қызметкерлеріне не болмаса мектеп әкімшілігіне хабар бермеген. Сондықтан ол кісінің де жауапкершілігін кәмілетке толмаған істер жөніндегі комиссияда қарастырады. Күдіктілер осы қала мектептерінің оқушылары болып шықты. Бір оқушымыз колледжден. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.