Ақтөбеде 4 маусымда болған газ жарылысынан зардап шеккен бес қабатты үйдің тұрғындары басқа жерге көшіруді сұрайды. Жұрт үйдің әр жеріндегі жарықтарға шағым айтып отыр. Төтенше оқиғадан кейін үш подъезден 45 пәтердің тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілді. Үйде жарық пен су өшіріліп, полиция кезекшілікте тұр. Бұл үйдің жарылыс болған бесінші кіреберісі ғана емес, шеткі подъездеріндегі жұрт та баспанасы құлап қала ма деп қауіптенеді. Төбеде, еденде, тіпті тірек қабырғаларда пайда болған жарықтарға байланысты олар өз шаңырағына кіруге қорқады. Қараша халық жергілікті биліктің сылбыр әрекетіне наразы. Олар әкімдіктен үйге қатысты нақты жауап ала алмай жүр. Ал әкімдік болса, сарапшылардың қорытындысы бір апта ішінде дайын болатынын айтып сендіріп отыр. Үйдің техникалық тексерісін «ҚазИнжинирингОрталық» компаниясы жүргізіп жатыр. Көпқабатты үй тұруға жарамды ма, жоқ па – әлі белгісіз.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.