Соңғы бір айда ел аумағында суық қару қолданылған үш қылмыс тіркелді. Олардың дені Алматыда болды. Полиция заңсыз қару айналымына тосқауыл қою шараларын күшейткенін мәлімдеген. Алайда қылмыс саны- әлі де азаймай тұр.
Алматы. 8 наурыз қарсаңы. Әуежайда — төтенше жағдай. Пышақпен қаруланған ер адам тексеру аймағындағы қызметкерді кепілге алады. Абырой болғанда, қоқан-лоқы көрсетуші ұсталып, әйел құтқарылды. Бірақ оқыс оқиғаның бәрі бірдей осылай аяқтала бермейді. Қаскөйлер пышақ емес, оқ ататын қаруды да қолданып жатады. Мұндай жағдайлар кейінгі кезде Алматыда кәдімгідей жиілей түскен.
Бұл жақында ғана Алматыда болған жағдай. Ер адам кетіп бара жатқан көлікке мылтыққа ұқсас қарумен оқ жаудырды. Бұдан бөлек, қаладағы ойын-сауық орталығының бірінде таныс арасындағы жанжалдан бір адам оқ жарақатын алды. Ал Атырауда белгісіз біреу көлікте отырғандарға оқ атып, үшеуін жаралады. Қару кезеніп, айналасындағыларға оғын боратқан жайт апта сайын жария болып жатады. Елімізде 200 мыңдай азаматтың қару ұстауға рұқсаты бар. Бірақ оны алу оңай емес. Арнайы оқудан өткені, сотты болмағаны, психиатриялық және наркологиялық тексерістен өткені туралы анықтама болуы қажет. Сондай-ақ аңшылық куәлігі болуы тиіс. Қазіргі таңда қазақстандықтардың қолында шамамен 250 мың дана қару бар. Біреуінің бағасы 200 мыңнан 4 миллион теңгеге дейін жетеді.
СЕРГЕЙ КАТНОВ, «ҚОРАМСАҚ» ҚАРУ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
— Қару иелену үлкен жауапкершілік талап етіледі. Белгілі бір міндеттемең болады. Оларды орындамасаң жауапқа тартыласың. Кез келген адам қару сатып алуға рұқсат алғаннан кейін оны 7 күн ішінде полицияда тіркеуі тиіс. Содан соң ғана қаруды сақтауға рұқсат беріледі. Ол 5 жылда бір рет беріледі.
Мамандардың айтуынша, қару айналымына қатысты ережелерді бұдан артық қатаңдата алмайсың. Жалпы, аңшылар оны заңды түрде иеленіп жатады. Ал қызылкеңірдек болып дауласып, атыс шығаратындар көп жағдайда қаруға заңсыз жолмен қол жеткізеді. Оларды иемденудің түрлі жолы бар.
СЕРГЕЙ КАТНОВ, «ҚОРАМСАҚ» ҚАРУ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
— Біріншіден, қару қақтығыс аймақтарынан жеткізіледі. Өкінішке қарай, қылмыскерлердің қолында осындай қарулар бар. Екіншіден, ұрланған қару. Полиция олардың біразын тәркілегенімен, бәрін қайтарған жоқ. Үшіншісін айтар болсақ, мысалы Ресейде атыс құралы саналмайтын, бірақ бізде қару саналатын бұйымдар бар.
Яғни көрші елде травматикалық қару еркін сатылады. Бізде де ол 2014 жылға дейін заңды болды. Бірақ заңсыз қолдану деректері жиілеп кеткен соң, травматикалық тапаншалар атыс қаруына теңестірілді.
САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Қаңтар оқиғасынан кейін тіркелмеген қаруды халықтан тәркілеу мен сатып алу бойынша науқан өтті. Қазір Алматы қаласында тіркелмеген қаруды сатып алу бойынша акция жүргізіліп жатыр. Бұл ретте, қаруды ерікті түрде тапсырған азамат қандай да бір жауапкершіліктен босатылады деген ескерту де бар.
Арнайы қызмет өкілдері әлі күнге дейін қару жасырылған орынды анықтау және заңсыз қаруларды тәркілеу бойынша арнайы операциялар жүргізіп келеді. Соңғы үш жылда 722 жасырын қойма табылып, 8 мыңнан астам қару, 831 граната мен 112 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді. Бұл шағын армияны қаруландыруға жетеді. Қылмыскерлердің қолында әлі қанша қару барын дөп басып айту қиын. Десе де заңсыз жолмен қолға өткен қару толық тәркіленген соң, ауыр қылмыс та айтарлықтай азаяды деген үміт бар.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.