Меркі қант зауыты шаруаларға 2,2 млрд теңге қарыз

Жамбыл облысында қызылша еккен шаруалар Меркі қант зауытынан 2 млрд теңгеден астам қаржысын даулап, шу шығарды. Былтыр шаруалар мол өнім жинап, кәсіпорынға 450 мың тонна тәтті түбір өткізген. Зауыт оның 1 келісін 15 теңгеден қабылдаған. Мемлекет тарапынан тағы 25 теңге субсидия берілген. Келісімшарт бойынша, Меркі қант зауыты қабылданған қызылша үшін, екі айдың ішінде есеп айырысуы тиіс еді. Алайда, арада 10 ай өтсе де, 400 шаруаның тең жартысы әлі күнге дейін маңдай тер еңбегінің ақысын ала алмай келеді. Зауыт директоры жұмыстан шығып кеткен, ал кәспорынның басқа өкілдері 2 миллиард 200 миллион теңге көлеміндегі қарыздың не себепті өтелмей жатқанынан хабары жоқ. Шаруалар алдындағы берешекті өтеу үшін, аталған зауыт- енді банктен қарыз алмақ. Егер жақын арада төлем жасалмаса, тонналап тәтті түбір тапсырғандар сотқа жүгінуге бекініп отыр.
ЕРҒАЛИ АСАНҚҰЛОВ, ШАРУА:
— Әр отбасы – өз балам, өзім және көршілерім бірігіп, екінші деңгейлі банктен несие алдық. Оның жылдық мөлшерлемесі жоғары. Бұған қоса, шағын несие ұйымдарынан да қарыз алдық. Ломбардқа келіннің, әйелімнің алтындарын өткізуге мәжбүр болдық. Осылайша күнелтіп, бүгінгі күнге жетіп отырмыз.

АЙГҮЛ ТОҚОВА, МЕРКІ ҚАНТ ЗАУЫТЫНЫҢ БАС БУХГАЛТЕРІ:
— Біздің қаржы директоры қазір Алматыда. Өтінімдер бойынша барлық құжатты жинадық, енді күтіп отырмыз. Қашан болатынын нақты айта алмаймыз. Біз қаржы жағын күтіп отырмыз. Ол тек сіздерге емес, басқа кредиторлық берешегімізді өтеуге бағытталады.
———————————————