Қарағандыда асыранды балаларға жасалған қатігездік ісі бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Іске қатысты 45 жастағы ер адам, оның әйелі және қызы айыпталуда. Олар 2018 жылы ауылда отбасылық үлгідегі балалар үйін ашып, алты баланы патронаттық тәрбиеге алған. Оның үшеуі – туған бауырлар. Бүгін сотта куәлік еткен балалардың сөзінше, асыраушылары оқтаумен, темір заттармен ұрып, қабаған итпен қорқытып отырған. Кейде жаза ретінде сиырдың тезегін жегізген дейді олар. 16 жастағы жәбірленуші басына бірнеше рет ота жасалғанын айтты. Себебі – асырап алған анасы оқтаумен ұрыпты. Ал «ата-аналары» баланың әткеншектен құлап қалғанын айтады.
Балалардың сөзінше, мектеп қызметкерлері де жағдайдан хабардар болған. Мұғалімдер бірнеше мәрте қамқоршыларды шақырғанымен, нақты шара қолданылмапты. Қылмыстық іс азаптау, ауыр дене жарақатын салу және алаяқтық баптары бойынша қаралып жатыр.
Айта кетейік, тергеу барысында ер адам балаларға арналған жәрдемақыны букмекерлік кеңселер мен лотереяларға жұмсағаны анықталған.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.