Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар ресми кездесу өткізді

Астана- осы аптада әлем көз тіккен алаңға айналады. Елордаға жаһан елдерінің басшылары келіп, Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөз өткізеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Қазақстанға ресми сапармен келген Руанда президенті Поль Кагамеме кездесті. Мемлекет басшысы бұл сапардың тарихи маңызы зор екенін айтып, Руандамен ынтымақтастықты нығайтуға айрықша мән беретінін жеткізді. Поль Кагаме де екі ел арасындағы әріптестіктің әлеуетіне тоқталып, мемлекеттердің өркендеуіне және стратегиялық диалогтың нығаюына ықпал ететін бірлескен жобаны жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді. Келіссөзде тараптар сауда, инвестиция, көлік, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және қаржы саласындағы серіктестікті кеңейтуге уағдаласты. Сонымен қатар аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі мәселе бойынша пікір алмасты.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев елордада Германия Федеративтік Республикасы Бундесратының Төрағасы Анке Релингер мен Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновская-Давковамен кездесу өткізеді. Бұдан бөлек, Астанаға Хорватия Премьер-министрі Андрей Пленкович жұмыс сапарымен келеді.

29 мамырда Астана халықаралық форумы өтеді. Оған Руанда, Солтүстік Македонияның лидерлері, Хорватия Премьер-министрі мен Германия Бундесраты Төрағасы қатысады. Ал 30-мамырда елімізге Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони ресми сапармен келеді. Сол күні аймақтағы мемлекеттер басшыларының қатысуымен бірінші «Орталық Азия – Италия» саммиті өтеді. Жалпы, биылғы Астана халықаралық форумына бес мыңнан астам адам қатысады. Одан 2,6 миллиард теңге табыс түседі деп отыр.
———————————————