Сақ қорғандары тоналды

Сақ қорғандары тоналды. Оқиға Жетісу облысының Панфилов ауданында болған. Жергілікті өлкетанушылар дабыл қағып жатыр. «Оңай олжа іздеушілер тарихи мұрамызды оңды-солды қазып, күл-талқан етті», — дейді. Қаскөйлер құнды жәдігер тапты ма?
Обалар Жаркент қаласының солтүстігіне қарай 100 шақырым жерде орналасқан. Сақ дәуіріне тиесілі қорғанды әлдекімдер қазып жерленген адамның сүйегін шашып кеткен. Көне қорымның тоналғанын осыдан бір ай уақыт бұрын жергілікті тұрғын Олег Тихомиров байқапты.

ОЛЕГ ТИХОМИРОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Ерте көктемде бұл аумақта ешкім жүрмейді. Шаруалар малын жайлауға енді шығарып жатыр. Сол ешкім жоқ уақытты пайдаланып қазып кетуі мүмкін ғой бұдан бәріміз хабарсызбыз. Осындай іспен айналысқандарды жауапсыз қалдырмау керек.

Тарихшылар оба маңайындағы меңгір тастарға қарап бұл жерде сақ көсемдері жерленген болуы мүмкін деген болжам айтты. Яғни мұнда алтыннан жасалған әшекей мен бағалы бұйым болуы әбден ықтимал. Ал қаскөйлер болса үлкен обаны арнайы техникамен қопарған.

ҒАЛЫМЖАН ОСПАНОВ, ЕСКЕРТКІШТЕРДІ ҚОРҒАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Сақ дәуірінде бізде алтын да басқа да жәдігерлер өте көп. Басқа дәуірлерге қарағанда осы сақ дәуірінде алтын мен жақсы қымбат жәдігерлер шыққандықтан қара археологтар бізде дерт болып бара жатыр. Қазіргі таңда бұл ескерткіштердің бұзылуына байланысты құзырлы органдарға шағым түсіреміз.

Жетісу өңірі – тарихи мекен. Тау-тасы шежіреге тұнып тұр. Алайда қолда дәуірінен сыр шертетін қорғанның басым бөлігі осылай тоналған. Бұл жер мемлекеттің қорғауына алынып арнайы белгі орнатылғанымен қаскөйлерге кедергі болмай тұр.
———————————————