Елімізде криптовалюта төлем құралы ретінде қолданылады

Қазақстанда жаңа төлем түрі пайда болады. Азық-түлік, басқа да қызметтерге криптовалютамен төлем жасалады. Бүгін Астана халықаралық форумында Мемлекет басшысы Қасым -Жомарт Тоқаев осылай деді. Маңызды жиында ғаламдық экология мәселелері де талқыланды. Еліміз келер жылы Біріккен Ұлттар ұйымымен бірге, өңірлік экологиялық саммитін өткізеді.
Тың бастама мен батыл қадам жасалатын диалог алаңы бұл. Цифрлық технология – халықаралық форумда көтерілген тақырыптың бірі. Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытуға баса мән берілген. Ендігі мақсат – елімізді Еуразиядағы жетекші ІТ хабқа айналдыру. Осы орайда қуаттылығы жоғары суперкомпьютер іске қосылып, криптовалюта төлем құралы ретінде қолданылады. Игі бастама CryptoCity пилоттық жобасы арқылы іске аспақ. Салмақты жиында атом энергетика мәселелелері де назардан тыс қалмады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі Уранның 40 пайызы Қазақстанда өндірілетінін жеткізді. Дегенмен климат дағдарысы шешілмей, орнықты даму болмайтынын атап өтті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ — ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Орталық Азия – планетадағы климат өзгерісіне осал өңірлердің бірі. Мұнда ғаламдық жылыну деңгейі әлемдегі орташа көрсеткішпен салыстырғанда екі есе жоғары. Келесі жылы Қазақстан БҰҰ-мен бірге Өңірлік экологиялық саммитін өткізеді. Бұл алаң Орталық Азия елдерінің стратегиясын жаһандық мақсатпен ұштастыруды көздейді.
Әлемде қарулы қақтығыстар өршіп бара жатыр. Бұл экономикаға кері әсерін тигізеді. Жаһандық сын – қатерден келтірілген шығын 19 триллион доллардан асады. Дүние жүзінде болып жатқан шиеленістер күрделі сипатқа ие. Оның тамырында түрлі қайшылық жатқанына тоқталды Мемлекет басшысы. Астана халықаралық форумында Президент өскелең буынды саналы әрі өркениетті қоғам құруға үндеді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Екі ай бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясы Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның аймақтық орталығын құру туралы қарарды ресми түрде қабылдады. Бұл – біздің көпжақты дамуға үлес қосқан маңызды жетістігіміз. Аталған орталық бірлескен жобаға қолдау көрсетіп, техникалық сараптамаларды қамтамасыз етеді және халықаралық ынтымақтастықты үйлестіреді.
———————————————