Петропавлда былтырғы тасқын салдарын жою жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Себебі табиғи апат кезінде тас-талқаны шыққан «Ойқала» және «Былғары зауыт» шағын ауданына жауаптылар өткен жылы ретке келтіріп үлгермеді. Үйлер жаппай сүріліп, орнына- тұрғындар тыныстайтын саябақ салынады.
«Ойқала» шағын ауданы Есіл өзені бойында орналасқан. Былтыр табиғи апат кезінде мұндағы 1700 үйдің 1200-і суға кетті. Содан бері мұнда тасқын салдарын жою жұмыстары тоқтаған емес. Апаттық үйлер бұзылып, айнала күл-қоқыстан тазартылды. Ал биыл жаппай абаттандырылады.
АНАТОЛИЙ КОРАБЕЛЬНИКОВ – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Жан-жақты тазартпаса айналамыз қоқыс полигонына айналып кетер еді. Былтырдан бері бригадалар жұмыс істеп жатыр. Егер жоспар толық жүзеге асса, элиталық ауданға айналатын сияқтымыз.
Жұмыс мамырдың басында қайта жанданды. Ол үшін облыс орталығына әр ауданнан арнайы бригадалар келді. Әрқайсысына 4 гектар жерден бекітілген. Енді олар өздеріне тиесілі аумақты ретке келтіреді.
ІЛИЯС ЖАНАШЕВ – КӘСІПКЕР:
— Бізге әсіресе ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жақсы көмектесті. Олар техникасын беріп, барынша қолдау көрсетіп жатыр. Су сорғыту жұмыстарын аяқтап, дренажды құдықтарды дайындап қойдық. Енді учаскелерді абаттандырып, тас төсеніштерін төсейміз
Айта кету керек, екі ауданда босап қалған учаскелерге 70-тен астам саябақ салынады. Бұл мақсатқа бюджеттен қаржы бөлінбеді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.