Ұлытау облысындағы жалғыз нейро оңалту орталығы жабылудың алдында тұр. 4 маусымнан бастап, мекеме облыстық көпбейінді аурухана ғимаратын босатуы тиіс. Өйткені медициналық нысанда күрделі жөндеу жүргізіледі. Инсульттан кейінгі оңалтудан өтетін науқастар мен орталық қызметкерлері бұл жағдайға қатты алаңдап отыр. Денсаулық сақтау басқармасы бұл мекемені қалалық жұқпалы ауруларды емдеу орталығының бір бөлігіне көшіруді ұсынған. Бірақ оған емделушілер қарсы. Басқарма өкілдері басқа ғимарат жоқ, сондықтан келісімшартты бұзамыз деп отыр. Жалпы, өңірде болашақта мемлекеттік жаңа оңалту орталығын құру жоспарланған.
МҰХАМЕТРАХЫМ ОСПАНОВ, НЕЙРО ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Негізі айына 50 науқас қабылдай аламыз. Емделушілерге 3 мезгіл тамақ пен дәрігер тағайындаған бүкіл дәрі-дәрмек тегін беріледі. Инфекциялық ауруханға көшсек, онсыз да әлсіз әрі жүріп-тұруы қиын науқастарымыз басқа аурулар жұқтырып алады ма, деп алаңдаймыз.
СӘБИНА НИЯЗОВА, ОБЛЫСТЫҚ ДСБ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— 2018 жылы 7 жылға келісімшарт жасалған болатын. Қазір енді жаңа облыс болып қайта құрылған соң, бізде жаңадан бөлімшелер ашылды. Төсек-орын қоры оңтайландырылып, бірнеше стационар біріктірілді. Көптеген медициналық қызмет көрсету түрі облыстық көпбейінді ауруханаға жинақталды. Өз тарапымыздан қалалық инфекциялық аурухана аумағындағы нысан ұсындық.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.