Астанада KazChess Awards 2025 сыйлығы табысталды

Астанада шахмат әлеміндегі қазақстандық «Оскар» саналатын KazChess Awards 2025 сыйлығы табысталды. Ол интеллектуалдық ойынның үздік өкілдеріне бұйырды. Жеңімпаздар арасында жаңа дәуірдің символына айналған спортшыларымыз бар.
KazChess Awards марапатын табыстау рәсіміне Қазақстан шахматының кіл мықтылары жиналды. Атағы әлемге әйгілі чемпиондардан бастап болашағынан зор үміт күттіретін жас дарындардың бәрі бар. Салтанатты шара барысында Шахмат федерациясы 60-тан астам орден мен медаль табыстады. «Жылдың үздік шахматшысы» атағына ерлер арасында Қазбек Нөгербек лайық деп танылса, қыздардан екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева жеңімпаз атанды.
БИБІСАРА АСАУБАЕВА — ШАХМАТТАН ЕКІ ДҮРКІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ:
— Біз былтыр шахматта үздік көрсеткішке қол жеткіздік. Турнирдің басым бөлігінде алдыңғы орыннан көріндік. Келесі жарыстарда бұдан да жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жаңа жетістіке жетуге тырысамыз.
Осымен үшінші мәрте ұйымдастырылған KazChess Awards сыйлығы биыл ауқымдылығымен ерекше. Жеңімпаз 14 түрлі аталым бойынша анықталды. Қазақстандағы ең жас гроссмейстер атанған Эдгар Мамедовке «Үміт» медалі табысталды.
ЭДГАР МАМЕДОВ — ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ГРОССМЕЙСТЕР:
— Жасым 14-те. Жақында ғана Біріккен Араб Әмірліктерінен оралдым. Ол жақта халықаралық гроссмейстердің төртінші нормасын орындап, рейтингімді 2500-ден асырдым. Ендігі мақсатым — әлемдік рейтингтің үздік жүздігіне еніп, одан әрі дамуды жалғастыру.
Қазақстан шахматы соңғы жылдары бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Былтырдың өзінде отандастарымыз 160 медаль жеңіп алды. Бұл рекордтық көрсеткіш.
ТИМУР ТУРЛОВ — ҚР ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Былтыр бізде 2000-нан астам турнир өтті. Олардың арасында тек республикалық қана емес, жергілікті турнир де бар. Біз, әрине, бұл жетістігімізбен және жеңімпаз атанған спортшыларымызбен мақтанамыз.
Шахмат федерациясы стратегиялық бастамаларымен де бөлісті. Атап айтқанда, алдағы уақытта шахмат үйірмелерінің саны мен талантты спортшыларға арналған стипендиялық бағдарлама көбейеді.
———————————————