Alatau City: «Қазақстан жаһандық ауқымдағы жаңа қалалық жүйені қалай құрып жатыр»

Астана халықаралық форумының бірінші күні мәресіне жақын. Бүгінгі күннің соңғы панельдік сессиясында Алатау қаласының құрылысы жайлы айтылды. Жаһандық ауқымдағы жаңа қалалық жүйе – Alatau City қалай құрылып жатыр? Сессияда болып, айтылған әңгімені өз құлағымен естіген тілшіміз сол жерден тікелей байланысқа шығады.

ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
-Алатау қаласы Алматыдан 50 км жерде жаңа салынып жатыр. Бұрын Жетіген аталған ауыл енді Алатау қаласына айналып жатыр. Бүгін форумда айтылғандай, ол ең жаңа, заманауи технологиямен салынатын еліміздегі тұңғыш қала болмақ. Шаһардың бас жоспары дайын. 46 млрд теңге алғашқы инвестициясы бар. Арнайы экономикалық аймағына жайлап инвесторлар да кіріп жатыр. Alatau City жобасының жобалау және құрылыс жөніндегі бас кеңесшісі Хэн Файн Вонг қаланың алғашқы тұрғындары кім болатынын айтып берді.

ВОНГ ХЭН ФАЙН – ALATAU CITY ЖОБАСЫНЫҢ ЖОБАЛАУ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС ЖӨНІНДЕГІ БАС КЕҢЕСШІСІ:
-Алатау ситидің бірінші тұрғындары – ол экономиканың жаңа бағыттарында жұмыс істейтін жандар, яғни жаңа технологияларды, IT-ді меңгерген, 30 жасқа дейінгі мамандар. Алатау сити жастардың қаласы болады.

Жаңа қаланың құрылысына инвесторлар мен шетелдік қалалық технологиялар саласының жілігін шағып, майын ішкен компаниялар қызығып отыр. Олар Алатау ситиді цифрландыру саласында неше түрлі шешім ұсынады. Жобаның серіктесі, Кореяның KPMG компаниясы өкілі Мун Пак Қазақстан үкіметіне Алатау ситиге қатысты мынадай кеңес айтты.

МУН ПАК – KPMG KOREA КОМПАНИЯСЫНЫҢ СЕРІКТЕСІ:
-Инновациялық қала салу бір бөлек те, инвесторларды осы ортада дамуға мүмкіндіктері бар екеніне сендіру – мүлде басқа мәселе. Ең бастысы – бұл компаниялардың қажеттіліктерін дұрыс түсіну. Мысалы, біз инвесторларды тарттық делік, енді олардың базалық қажеттіліктерін қамтамасыз етуіміз керек. Қазақстан жаһандық компаниялар үшін сенімді елге айналып, өзге мемлекеттер арасында инновация бойынша көшбасшы болуы тиіс.
———————————————

#Алатау #Alatau #AlatauCity